Атырау тұрғыны ағасына болысамын деп 6 жылға сотталды

Атырау облысында ағасына жақтасқан бауыры оны ренжіткен адамға қарумен оқ атып, сол жақ санын жарақаттады. Соның салдарынан зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Жылыой аудандық сотында бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін (ҚК-тің 106-бабының 2-бөлігінің 7-тармағы) айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Былтыр 25 қыркүйекте  сағат 02.00 шамасында ішімдік ішу барысында сотталушының  ағасы мен жәбірленуші арасында келіспеушіліктер туындап, соңы төбелеске ұласқан. Оны көргендер екеуін ажыратып алған.  Осы кезде сотталушының ағасы оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда  45 минуттан соң сотталушы жәбірленушіге қоңырау шалып, оны кездесуге шақырған және сотталушы өзімен бірге аңшылық қаруын да ала келген.

«Сағат 03.15-те сотталушы бұзақылық ниетпен қоғамдық орында бөгде адамдардың көзінше ауызша келіспеушілік барысында аңшылық қаруынан жәбірленушіге қарай бір рет оқ атып жіберген. Соның салдарынан жәбірленуші сол жақ санынан ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сот процесі кезінде сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да іс құжаттарымен өз дәлелін тапты. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.

Сот жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін ішінара мойындауын, отбасылық жағдайын, бұрын сотты болмағанын ескерді.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып,  6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА