Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиында санитарлық тазалық мәселелері қаралды, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі. - Қысқы кезеңнен кейін саябақтарда, желекжолдар мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу қажет. Осы мақсатта облыс көлемінде сенбілік өткізілсін. Оған барлық мекеме қызметкерлері мен облыс тұрғындары қатысып, өз үйіміздің тазалығына бірге атсалысайық,- деді облыс басшысы. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, 16 сәуірде облыс бойынша сенбілік өтеді. Сонымен қатар 16 мамырға дейін Атырау қаласы бойынша санитарлық тазалық айлығы жарияланды. Облыс орталығында «Жасыл қала» шарасы аясында 1000-нан астам көшет отырғызылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар қаланың 10 аумағында күл-қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Облыс әкімі Серік Шәпкенов қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.