Атырау облысының тұрғындары Ресейдің Харабайлы ауруханасында ем алады

Биылдан бастап Құрманғазы ауданының Азғыр және Балқұдық ауылдарының тұрғындары Ресейдің Астрахан облысындағы Харабайлы қаласында емделе алады.

Облыс орталығынан шалғай орналасқан ауыл халқы үшін бұл жақсы жаңалық болып отыр. Осы бағытта Атырау және Астрахан олыстарының денсаулық сақтау басқармалары арасында үлкен келісімшарт жасалды.

"Азғыр мен Балқұдық ауылдарының тұрғындары аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан, медициналық көмек алу жағынан ұзақ жылдар бойы қиындық көріп келді. Сондықтан Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы мен Ресей Федерациясы арасында «Жасыл дәліз» келісім шарты жасалды. Осы құжат негізінде ауыл халқы тегін ем-дом алмақ. Жергілікті дәрігерлер де көмек көрсетуге даяр» деді Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Асулан Абдрахманов.

Бас дәрігердің айтуы бойынша, ауданда медицина қызметкерлерінің тапшылығы бар. Атап айтқанда, акушер-гинеколог, реаниматолог, жалпы тәжірибелік  дәрігер, дерматологтар мен неврапатологтар қажет. Жалпы, ауруханада 12 жоғары санатты,  13 бірінші санатты және 6 екінші санатты дәрігерлер жұмыс істейді.

«2022 жылы тамыз, қараша айларында 2 дәрігер мен 2 орта буын медицина қызметкері Израиль еліне тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру мақсатында оқу курсына барып қайтты. Біз медициналық жоғары оқу орындарымен, тіпті орта буын мамандарын даярлайтын колледждермен де тығыз байланыстамыз. Олар студенттерді бізге тәжірибеден өтуге жібереді. Көбіне Ақтөбе және Алматы медициналық институттарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Қазіргі таңда да ауданымызда  тәжірибеден өтіп жатқан студенттер бар. Жаз мезгілінде Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен, облыстық аурухананың директорымен бірге  Ресей Федерациясының Астрахан қаласындағы медициналық университетінде болдық. Онда білім алып жүрген студенттер арасында қазақтар да бар екен. Соларды ауданымызда жұмыс жасауға шақырдық. Олар да оқуын тәмамдаған соң  ауданға келгілері келетінін айтты» деді А.Абдрахманов.