Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов балалар ауруханасында болып, шетел хирургтерінің қатысуымен күрделі ота жасалған балалардың жағдайымен танысты,- деп хабарлайды ATPress.kz
Бұл
туралы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялаған аймақ басшысы
Израиль хирургтерінің атыраулық мамандардың біліктілігіне жақсы баға
бергенін айтты.
«Израиль Республикасының халықаралық деңгейдегі медициналық мамандарын
атыраулық әріптестерімен тәжірибе алмасуға шақыртқан едік. Бірнеше күнде
туа біткен ақаулары бар алты балаға күрделі оталар жасалған.
Балақайлардың жағдайлары қалыпты, аналары да қуануда.
Шетелдік білікті мамандар ота жасаумен қатар, оны үйретеді. Оған қоса,
ата-аналарға тегін кеңестер беріп, 200-ден астам медицина қызметкерін
оқытады» делінген жазбада.
Махамбет Досмұхамбетов бұған дейін де Израильден тәжірибе
алмасуға екі медициналық маман келгенін, олар облыс бойынша 30
акушер-гинеколог пен 30 анестезиолог-реаниматолог маманға шеберлік
сағатын өткізгенін, сонымен қатар, жергілікті дәрігерлермен бірлесе
отырып 5 жоғары технологиялық ота жасағанын атап өтті.
«Біздің мамандардың осындай тәжірибе алмасы арқылы дамуларын тұрақты түрде қолдаймыз.
Өңіріміздің әрбір тұрғынының сапалы медициналық қызмет алуы үшін жағдай
жасау — біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. Сондықтан салаға білікті
мамандарды тарту, бар мамандардың біліктілігін заманға сай арттыру
жұмыстарын күшейте береміз» дейді облыс әкімі желіде жариялаған
жазбасында.
Аймақ басшысының айтуынша, алдағы уақытта облыстың медицина саласын дамытуға қатысты кешенді жоспар әзірленіп, халықаралық деңгейдегі тәжірибелі дәрігерлермен бірлескен жұмыс жалғаса бермек.