Атырау облысының екі ауылында «сақалды құрылыс» қайта жанданды

Қызылқоға ауданындағы Мұқыр және Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылдарындағы мәдениет үйлерінің құрылысы бірнеше жылдық үзілістен соң қайта басталды, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Мәселен, Мұқырдағы мәдениет үйінің құрылысы жеті жылдан бері тоқтап тұр. Құны 301 млн теңгеге  бағаланған нысан 2018 жылдың күзінде салынып бітуі тиіс еді. Алайда мердігерлердің жауапсыздығынан бұл құрылыс сағызша созылды.

Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, ғимараттың кейбір жерлері жарамсыз және құлағалы тұр. Сондықтан сапасыз салынған тұстары бұзылып, қайта қаланады. 

«Қазір осыған дейін салынған ғимараттың кейбір жерлері бұзылып жатыр. Өйткені олар бірнеше жылдан бері жарамсыз күйге түскен. Сонымен қатар құрылыс алаңының айналасына бөгде адамдар кірмес үшін және қауіпсіздікті сақтау мақсатында түгелдей уақытша қоршау қойылды», - деді Н.Құсайынов. 

Қызылқоға ауданы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша мұқырлық өнерпаздар ауыл мектебінің акт залын паналап отыр. Мәдениет үйінің акт залында орналасуы мектептің ішкі шараларына да кедергісін келтіретіні аян. 

Айта кетейік, құрылысты мердігер «АвтоСтройКонсалтинг» ЖШС бастаған. Серіктестік құрылыс жұмыстарын 2017 жылдың 25 тамызында бастап, 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілуі тиіс еді.

Мұқыр мен Сарытоғайдағы мәдениет үйлері 410 орынға шақталған.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА