Атырау облысындағы мектептерді қауіпсіздік құралдарымен қамтуға 1 млрд 587 мың теңге қажет

Атырау облысындағы барлық білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті құралдарды сатып алу үшін 1 млрд 587 мыңнан астам теңге қажет, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасова Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлім етті.

Облыстық білім басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия өңірдегі барлық білім беру мекемелерін аралап, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті қаражаттың сомасын шығарды. Енді жаңа оқу жылына дейін  білім беру мекемелері күзетпен, турникетпен, бейнекамералармен және дабыл түймелерімен қамтылады деп жоспарланып отыр.  

«Біз облыстық мәслихаттың сессиясында осы мәселені алға тарта отырып, 1 млрд 587 млн теңгеге ұсыныс жасамақпыз.  Осы уақытқа дейін қауіпсіздік техникасымен 100% қамтылды десек те, оның ішінде тозығы жеткендері мен техникалық сипаттамасы сай келмейтіндері де бар» деді Г.Сәдуақасова.

Сонымен қатар Гүлнәр Манапқызы осыған дейін мектептердегі күзет қызметіне зейнет жасындағылар қабылданып келгенін, ал енді оларға деген талаптың күшейгені туралы да айтты. Жаңа талаптар бойынша күзет қызметіне қандай да бір келеңсіз жағдай орын алған кезде, қарсы келе алатын және қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын мықты жігіттер қажет.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.