Бұл туралы облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанова мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде өңірде елді мекендердің бас жоспармен қамтылу көрсеткіші 83,9 %-ға жетіп отыр.
Сонымен қатар, 8744,79 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленген. Сондай-ақ, облыс аумағын қала құрылыстық жоспарлаудың кешенді схемасы мен 5 жылға арналған Атырау және Құлсары қалаларын жинақы салудың кешенді жоспарлау жобалары әзірленіп, заңдылыққа сай бекітілді.
- Биыл облыс бойынша 9 қала құрылысы жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 7 елді мекеннің бас жоспары мен 2 аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Атырау-Орал автокөлік жолының Индер ауданынан 177 шақырымындағы 150 гектар жерге және Құлсары қаласының Болашақ-2 мөлтек ауданының 500 гектар жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған жобалар заңдылыққа сәйкес бекітілді,- деді Г.Арыстанова.
Оның айтуынша, бүгінде 25 ауыл бас жоспармен қамтамасыз етілмеген. Соның ішінде қала маңындағы 7 ауыл қаланың бас жоспарына сәйкес қаланың құрамына енгізілетіндіктен бас жоспар әзірленбеген. Ал қалған 18 ауылға бас жоспардың қажеттілігін анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.