Құрманғазы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі мектептің құрылысы басталмақ, деп хабарлайды AtyrauPress аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектептер Ақкөл ауылы және Құрманғазы ауылдарында салады. Екеуі де 600 орынға шақталған. Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтгелі отырған білім ұяларын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясы салады.
Осы ретте компанияның басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов Ақкөл ауылы және Құрманғазы ауылындағы 600 орындық мектептердің құрылыс алаңымен танысып, атқарылатын тиісті жұмыстарды пысықтады.
Мектептің құрылысына оқу ғимаратынан бөлек спорттық және ойын алаңдары кірмек.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясының басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, құрылыс жұмыстарында алдымен сапаға аса мән берілуі тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жобалаушы мердігер мекеме өкілдеріне мектептердің құрылысына қатысты туындайтын мәселелерді жергілікті құзырлы органдармен бірігіп талқылауды тапсырды.
Құрылыс аяқталған соң, нысан білім беру бөліміне тапсырылады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА