Исатай ауданында көпшілік місе тұтпайтын жұмысты тыңғылықты істеп, ауыл халқына газет-журналды электромопедпен таратып жүрген пошташы елдің ықыласына бөленді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Жанар Мұханбетова аудандық поштада газет тасушы болып жұмыс істейді. Ол жұмысын жеңілдету мақсатында өз қаражатына электромопед сатып алған.
«Бұл мопедті Атырау қаласынан 200 мың теңгеге сатып алдм. Оны 2-3 сағат тоқпен қуаттап аламын. Сол қуат алған күйінде ауыл арасында 45 шақырымға дейін толық жүре аламын. Осы мопедті алғалы бері жұмысым жеңілдеп, діттеген жеріме бұрынғыдай жаяу барып, аяқтан тозбайтын болдым. Келген газетті жарты күнде таратамын», - деді Ж.Мұханбетова.
Жанарды аудан әкімі Полымбет Хасанов та байқаған. Оның өз жұмысын сүйіп істейтінін көріп, қажырлы еңбегіне разы болған. Тіпті, онымен танысып, фотоға түсті. Мұнан соң өзінің Facebook парақшасына жариялады.
«Күнделікті қызметіме келген сайын аудандық пошта торабының алдында тұратын электрокарға көзім түсетін. Осынау екі аяқты көліктің қандай мақсатта пайдаланатындығы менің қызығушылығымды тудырып келген. Енді сол сұрақтың жауабын алдым. Осы тұрғынның қажырлы еңбегіне қарап риза болдым. Шынында еңбек етемін деген кез-келген тұрғынға қай-қай жерде де мүмкіндік мол. Менің қабылдауыма кіретін тұрғындардың басым көпшілігі жұмыс мәселесімен келеді. Олардың түгелге жуығы мұнай саласында қызметке орналастыруды сұрайды. Әрине олардың барлық өтініштерін қанағаттандыру мүмкін емес. Ал осындай бос жұмыс орындарына тұрғындар тарапынан қызығушылық жоқ. Мысалы осы поштада тағы да екі адамға курьерлік қызметке сұраныс берілген. Келіп жатқан адам жоқ», - деп жазды аудан әкімі П.Хасанов.
Исатай ауданы әкімдігі тарапынан осындай қарапайым еңбек адамдарына әрдайым қолдау көрсетіліп отыр. Мәселен, мерекелер қарсаңында аудандық, облыстық деңгейде марапаттарға ұсынылады. Сөзімізге дәлел ретінде айтайық, былтыр пошта саласында ұзақ жылдар газет тасушы болып қызмет еткен Қалампыр Сүйеуқызы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
«Әр адамның несібесі өзінің пейіліне беріледі деген. Ниетіміз түзу болса кез-келген жұмыстан береке табуға болады. Сондықтан жастарды қызметтің беделіне қарамай, адал еңбек етуге шақырамын», - деді аудан басшысы.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА