Атырау облысында 300-ге жуық жас кәсіпкердің жобасы қолдау тапты

Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінде өңір басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жиында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Жұмасеитов баяндама жасады. Ол  «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы айтты. Биыл осы бағдарламаға бюджеттен 11,4 млрд теңге бөлініпті.  

«Бүгінде несие сомасы 27,4 млрд теңге болатын 584 кәсіпкердің жобасы қолдау тапты. Осылайша қосымша 536 жаңа жұмыс орны ашылады деп отырмыз. Оның ішінде жастардың үлесі – 46%. Яғни 268 жас кәсіпкер қолдау алды. Сонымен қатар, Ұлттық жоба аясында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ниеттілерге мемлекеттік грант беру конкурсына бюджеттен 106 млн теңге бөлінді. Оны осы жылдың қыркүйек айында өткізу жоспарланды», - деді Н.Жұмасеитов.  

Осы ретте облыс әкімі «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көпшілік көруі үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Бизнес бастаушы не әлеуметтік жобамен айналысушы жастарға қойылатын шартты тағы бір қарап шығуымыз қажет. Өз кәсібін ашамын деушілерге ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп, қолдау беру керек. Оларды құжатын тапсырып, не ақпарат алуы үшін әр бөлімге сандалтпай, жастар ресурстық орталығының мекемесіне тиісті мамандарды шақырып, «бір терезе» қағидатын ұйымдастыруды қарастырыңыздар», - деді С.Шәпкенов.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА