Атырау облысында 14 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Құрманғазы ауданының прокуратурасы сомасы 6 млн теңгеден асатын 14 жер учаскесін мемлекетке қайтарды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, аудан прокуратурасы жайылымдық жерлердің мақсатты пайдалануына жүргізген талдаумен жерлерді ұзақ уақыт тікелей мақсаты бойынша пайдаланбаудың және жер пайдаланушылардың қандай да бір малының тіркелмеуінің деректерін анықтады.

Осыған орай, аудан әкімдігіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізілді.

Құрманғазы ауданының прокуроры Магилан Рахимовтың айтуынша, прокурорлық қадағалау актісі бойынша 2,8 мың гектарды құрайтын кадастрлық құны 6 млн теңгеден асатын 14 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.

«Сондай-ақ, талдаумен конкурс арқылы 2021 жылы сатылған жер учаскелерінің сатып алу құнын өтемеу деректері анықталып, нәтижесімен бюджетке 3,8 млн теңге өндірілді», - деді М.Рахимов.

Осылайша, прокуратура органдары адал ниетті кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығын дамыту үшін жер алуға қолдау көрсетіп жатыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА