Атырау облысында 11 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

Мақат ауданында балабақша мен мектептерде жалған дипломмен жұмыс істеген 11 мұғалім анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы аудан әкімі жанынан құрылған құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша комиссия отырысында айтылды. Жалған диплом пайдаланғандардың  сегізі балабақшада тәрбиеші болса, ал қалған төртеуі мектепте мұғалім. Ең сорақысы сол - кейбір балабақша меңгерушілері қарауындағы қызметкерлердің дипломы жалған екенін білсе де жасырған. Прокурорлар осы жайттарға қатысты қылмыстық іс тіркелініп, заңсыз алған жалақылары бюджетке кері қайтарылып жатқанын айтты.

Мақат ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Какиевтің айтуынша, қазір 8 адам бюджетке 4 млн теңгеге жуық ақшаны қайтарды. Ал екі тәрбиеші алдағы уақытта 4 млн теңген мемлекетке қайтаруы тиіс. Ал біреуінің ісі әзірге күмәнді болғандықтан, қосымша дәлел жиналып жатыр. Енді заңның орындалуын қадағалайтын орган өкілдері қызметтік лауазымды босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікті  қарастыруды ұсынып отыр.

Осы ретте аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол бұл жайт туралы түсініктеме берді.

«Тәрбиешінің негізгі колледж бітіргені туралы дипломы бар. Ал, екінші жоғары дипломы жалған болып шыққан. Тексеріс кезінде меңгеруші арнаулы орта білім дипломына сәйкес жалақы төленгенін айтқан. Жасырған деген сөз осы жерден шығып отыр. Оған сәйкес заң аясында тиісті шара қолданылды», - деді А.Долдашев.

Сонымен қатар прокурорлар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге жуық несие алған 2 маманның жұмыстан шығып кеткенін анықтаған. Бүгінде аталған қаражатты мемлекет пайдасына өндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Эльмира Мықтыбаева

Дереккөз: maqat-tynysy.kz

Фото: freepik.com