«Мигрант» іс-шарасы аясында көші-қон заңнамасын бұзудың 500-ден аса дерегі анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
11-14 наурыз аралығында қоғамдық тәртіпті тиісінше қолдау, заңсыз көші-қонды ескерту, жолын кесу, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу тәртібінің қағидаларын бұзушылықтарын анықтау мақсатында республика көлемінде «Мигрант» жедел профилактикалық іс шарасы өткізілді.
Еліміздің көші-қон заңнамаларын бұзудың барлығы 502 дерегі анықталды. Оның ішінде:
- 517-бабы 3-бөлігі бойынша «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетпеуінен көрінген, ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 200 тұлға;
- 517-бабы 4-бөлігі бойынша «Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтару, ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған» - 190 тұлға;
- 517 бабы 5-бөлігімен «Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауы, анықтаманы не рұқсаттарды алмастан ҚР еңбек қызметін жүзеге асыруы» бойынша 102 тұлға жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 518-бабымен 155 Қазақстан Республикасының азаматы және ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша «шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тартқан» - 19 тұлға жауапкершілікке тартылды.
Сондай ақ, көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін 38 шетелдік сот шешімімен елден шығарылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ