Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Құрманғазы ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар құрылыс нысандарының жұмыс қарқынымен танысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, алдымен, көктемгі өр суының келуіне орай жаға бекіту жұмыстарына бақылау жүргізді. Жалпы, ауданның үш ауылында жағалауды қорғау дамба құрылысы өткен жылы бастау алған болатын. Қ.Нұртаев Көптоғай, Шортанбай, Дыңғызыл ауылдарында жаға бекіту бөгеттерінің құрылыс жұмыстарының барысын қарап, мердігер мекеме басшылары мен жұмысшыларына құрылыс жұмыстарын жобаға сәйкес сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды. Қазіргі уақытта үш ауыл бойынша топырақ көтеру жұмыстары аяқталып, геошпунт және темір шпунт қағу жұмыстары жүргізілуде. Жаға бекіту бөгеттерінің құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Tolagai-2050» ЖШС-і жүргізуде.
Сонымен қатар, облыстық, аудандық, ауылішілік маңызы бар жол құрылысы жұмыстары да қаралып, пысықталды. Құрманғазы ауданының «Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-4 разъезд-Қиғаш» автомобиль жолын реконструкциялау, «7 разъезд-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік» 0-36 шақырым жолдарын және «Құрманғазы-Теңіз-Бірлік-Бөкейхан» жолын күрделі жөндеу құрылысы бойынша аталған ауылдарда болып, мердігер мекеме «Атырау жолдары» және «Бекет Сәт» ЖШС жауапты өкілдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеп, жұмыстарды сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, ауылішілік жолдары Орлы, Ақкөл, Жаңаталап ауылдық округтерінде құрылыс жұмыстарын жедел бастап, аяқтауды міндеттеді.
Бұдан бөлек, Қ.Нұртаев аудан басшыларымен бірлесіп өңірде құрылыстары басталған мәдени ошақтар және білім ордаларына барды. Атап айтқанда, Бөкейхан және Көптоғай ауылдық округінде салынып жатқан 300 орындық және Дыңғызыл ауылдық округі Ғ.Әліпов ауылында құрылысы басталған 100 орындық мәдениет үйі құрылысы жұмыстарымен танысты. Мәдени ошақтарының құрылысы басында қазіргі таңда құрылыс-монтаждау қызметтері атқарылуда. Сонымен қатар, Құрманғазы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі мектептің құрылысымен танысты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ