Қызылқоғалықтар тасқынға тас-түйін дайын

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудандық әкімдіктен білгеніміздей, жиынға комиссия мүшелері, аудан ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес өкілдері қатысып, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары талқыланды. Биыл қардың қалың түсуі мен өзен-көлдердегі су деңгейінің көтерілу қаупі күн тәртібіне қойылып, әсіресе, Миялы, Жангелдин және Сағыз ауылдық округтері бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар пысықталды.

Жиында алғашқы болып сөз алған Миялы ауылдық округінің әкімі Аманкелді Бағдаров өткен жылы Ойыл өзенінің бойындағы «Құмөткел» аумағында су арнасының бұзылып, ауылға қауіп төндіргенін еске салып, биыл мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, мердігер компанияның көмегімен өзен арнасы толықтай бекітіліп, бөгеттер нығайтылған. Сонымен қатар, ұзындығы 8 шақырым болатын негізгі бөгет көтеріліп, қосымша 1,5 шақырымдық қорғаныс бөгеті салынған. Су тасқыны кезінде ауылды ауыз сумен қамтып отырған «Қарасу» аумағындағы 11 ұңғымаға арнайы бөгеттер тұрғызылуда, ал Қамыскөл маңындағы көл табанын тазарту жұмыстары басталған. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме арнайы техникамен жүргізіп жатыр.

Келесі болып Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстанов баяндама жасап, көктемгі тасқынға қарсы атқарылып жатқан шараларды тізбектеді. Ол Сағыз және Ноғайты өзендерінің арнасын тереңдету, жағалауын бекіту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Ауыл маңында 5350 метр бөгет салынған, ал ақпан айынан бастап Ноғайты өзенінің табанын тереңдету және 9,4 шақырымдық жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Әкімнің айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы «BATYS QAZAQ QYRYLYS» ЖШС мердігер мекемесіне тапсырылған.

Жангелдин ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Дулат Мурзагереев те өз баяндамасында округ аумағындағы тасқынның алдын алу шараларына тоқталды. Ол аудандық әкімдік бекіткен жоспарға сәйкес жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қанат Қадыржанұлы көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында барлық жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, аудандық аурухана төтенше жағдайларға сақадай сай болуы тиіс екенін ескертіп, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті деңгейде толықтырылуын тапсырды. Сонымен қатар, есепте тұрған тұрғындарға қажетті медициналық препараттар алдын ала қамтамасыз етілуі керектігін атап өтті. Бұдан бөлек, ауылдық округ әкімдеріне су келмей тұрып, қауіпсіздік шараларын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Атқарылмаған жұмыстар хаттамалық тапсырмаға енгізіліп, аудан әкімдігінің жіті бақылауында болатынын да қадап айтты. Осылайша, жиында көктемгі тасқынның алдын алу шаралары егжей-тегжейлі талқыланып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты міндеттер белгіленді.

Аман ШАМАР