Атырау облысы бойынша қызылшаға күдікті 285 жағдай тіркелді

Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлдана Бисенбайқызы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.   

Оның айтуынша,  бір ғана қаланың өзінде 268 жағдай орын алған.                                                                                                                               

 «Атырау облысында биыл 2 наурыз бен 25 шілде аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 285 жағдай тіркелді. Атап айтар болсақ, Атырау қаласында – 268, Жылыой ауданында – 7, Құрманғазы ауданында - 6, Махамбет ауданында – 3, Қызылқоға ауданында - 1 жағдай. Оның 202 жағдайында қызылша зертханалық жолмен дәлелденді. Сондай-ақ, 64 жағдайда зертханалық тексеру қорытындысы теріс нәтиже берді. Ал 19 жағдайды әлі зерттеп жатырмыз», - деп айтты Гүлдана Бисенбайқызы.

Атырау облысында қызылша ауруының өршуі соңғы рет 2019 жылы тіркелді. Ол кезде 774 жағдай болған.

Республика көлемінде, оның ішінде облысымызда қызылшаның әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында 9 айдағы балалар мен 20-29 жастағы адамдар арасында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде қызылша ауруы 7,6 есе төмендеді.

Айта кетейік, 2021-2022 жылдары облыс аумағында қызылша ауруы тіркелмеді.

 

Қасиет Бахкерейқызы