Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінде «Кенептегі көктем лебі» тақырыбында сурет көрмесі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Суретшілердің картиналарындағы көктем табиғаттың қысқы ұйқыдан оянған нәзіктігін, еріген наурыз қарының жарқырауын, шөптердің, жапырақтардың және күнге қарай созылған гүлденген көктемгі пейзаждардың қанық түстерін көрсетеді.
Көрменің мақсаты - көктемнің сұлулығына, табиғаттың оянуына назар аударту. Өскелең ұрпақтың табиғатқа деген эстетикалық көзқарасын қалыптастыру, мұражай қорындағы картиналарды таныстыру.
Көрмеде Т.Халиннің «Даңқты көктем», С.Гузевтің «Томирис», Қ.Амановтың «Бәйге», Қ.Жапаловтың «Көктем келді», С.Маханбетовтың «Ат үстіндегі құйын», Ә.Оспановтың «Тоғжан бейнесі», Н.Ескузянның «Қыз Жібек жыры», М.Аманжоловтың «Жайлауда» атты және тағы да басқа картиналары қойылды.
- Көрермендерге әрбір картинаның тарихына, ерекшелігіне тоқталып, баяндаймын. Мақсатымыз - оларды сол арқылы сурет өнеріне үңілдіріп, қызықтыру. Біз әрқашан оқушылар және студенттермен тығыз байланыста жұмыс жасауға дайынбыз, - деді музей қызметкері Мамлакат Болатова.