Атырау мұнай өңдеу зауыты жауапкершіліктен тек айыппұл төлеп құтылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым Тлегенов баспасөз брифингінде Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты жүргізілген мемлекеттік бақылау нәтижесіне тоқталды.
«Тоғыз айда мұнай өңдеу зауытына төрт рет жоспардан тыс тексеріс және бір профилактикалық бақылау жүргізілді. Естеріңізде болса, кәсіпорын былтыр 23 желтоқсанда сағат 17:20 шамасында биологиялық тазарту қондырғысынан сарқынды өндірістік суларды нормативті тазартылған арна арқылы булану алаңына ағызған болатын. Оның құрамынан үлкен концентрацияда биошлам анықталған еді. Оған механикалық тазалау қондырғысындағы №3, 5, 16, 21 сорғылардың аяқ астынан тоқтауы себеп болған. Бірақ, бұл жөнінде департаментке хабарланбаған. Сондықтан заңға сәйкес, 31 233 349 теңге айыппұл салынды» деді спикер.
Сондай-ақ, зауыт өзінің сарқынды суларын Атырау қаласына тиесілі су булану алаңына жібергені тағы бар. Бұл үшін де 536025 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан кейін үшінші тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде төрт заңбұзушылық тіркелді. Тағы да 56 313 764 теңге айыппұл салынды.
«Бұдан бөлек, маусым-шілде айларында еліміздің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен Ақтөбе облыстық экология департаментінің мамандары өңірге келіп, АМӨЗ-ге профилактикалық бақылау жүргізді. Сөйтіп, алауда газ жағылып, ауаны бүлдіргені анықталды. Оған мұнайды терең өңдеу өндірісінде (ПГПН) Каталитикалық крекинг қондырғысында газға арналған компрессордың тоқтауы себеп болған. Бұл жолы да 333 619 теңге көлемінде айыппұл салынды» дейді департамент басшысының орынбасары.
Сонымен бірге, профилактикалық бақылау арқылы ауаға зиянды заттар бөлінгені расталып, 6 993 217 теңге көлемінде айыппұл белгіленді. Жоспардан тыс жүргізілген төртінші тексерісте де өрескел заңбұзушылық анықталып, кәсіпорын 5 626 100 теңге айыппұл арқалады. Сайып келгенде, биылғы тоғыз ай ішінде Экологиялық кодекс талаптарын бұзғаны үшін АМӨЗ-ге жалпы көлемі 100 702 455 теңге әкімшілік айыппұл салынды.