Атырау халықаралық әуежайында санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді

Бұл туралы AtyrauPress сайтының тілшісі хабарлайды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі республика азаматтарына Мысырда денге безгегі өршуі мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының әуежайларында, вокзалдарында және автомобиль пункттерінде пирамидалар елінен келетіндерді бақылау күшейтілді.

Облыс аумағына қызба аурулары, оның ішінде денге қызбасының әкелінуі мен таралуын болдыртпау мақсатында Атырау халықаралық әуежайында санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Шет мемлекеттерден келетіндерге байланыссыз портативтік тепловизор,  жанаспайтын пирометрмен  дене қызуын өлшеу  жүргізілуде.

 Облысқа Мысыр елінің  Шарм-эль-Шейх қаласынан аптасына 2 рет халықаралық рейс келеді.

Атырау облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің  аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Айсұлу Досқалиеваның айтуынша,  облыста денге қызбасы тіркелген жоқ.

«Саяхатқа шығушыларға, өздері баруды көздеген елдерде қандай аса қауіпті аурулар бар екенін біліп, одан қорғанып барулары қажет екенін ескертеміз. Сонымен қатар шет мемлекеттерде жеке бас гигиена ережелерін сақтап, елге келгенде денсаулықтарында шағым болған кезде міндетті түрде денсаулық сақтау ұйымына барып қаралуды сұраймыз», - деді А.Досқалиева.

Атырау қаласының санитариялық – карантиндік пунктінің ақпаратына сәйкес,  жыл басына бері (01.01.-18.07.2023 ж.) облысқа 56 халықаралық рейс, 10 003 жолаушы, 354 экипаж мүшелері келген. Олардың арасынан аса қауіпті инфекцияға күдікті адамдар анықталмаған.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА