Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында «Атырау қаласы бірнеше апта бойы тұрмыстық қалдықтарға көміліп жатыр» деген ақпарат тарады. Тұрмыстық қалдықтарды жинап, тазалайтын «Арнаулы автобаза» ЖШС бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің таратқан ақпараты бойынша, «Арнаулы автобаза» ЖШС тарапынан қала мен қала маңындағы алты ауылдық округті тұрмыстық қоқыстан тазарту жұмысына күн сайын 65 техника жұмылдырылады.
Атап айтқанда:
- қоқыс таситын көлік - 22 бірлік,
- самосвал - 20 бірлік,
- тіркемесі бар трактор - 14 бірлік,
- тиегіш - 3 бірлік,
- манипулятор - 2 бірлік,
- вакуум - 4 бірлік.
Қала көшелері мен тұрғын үй алаптарынан тұрмыстық қалдықтарды күнделікті жинап, шығаруға барлығы 350 жұмысшы тартылған.
"Мекеме стихиялық полигондарды жою бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізуде, 18 мамыр мен 10 тамыз аралығында Атырау қаласында және қала маңындағы алты ауылдық округте 22 стихиялық полигон жойылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына арнайы техникамен 227 рейс жасалып, 1 135 тонна қоқыс шығарылды", - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, қала тұрғындары «Атырау облысының әкімі / Атырау облысының әкімдігі» чаты мен 109 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қалдықтарды уақтылы шығармау дерегі немесе пайда болған стихиялық полигон туралы өтініш қалдыра алады.
Мира НҰРТАЕВА