"Атырау - Астрахан" күрежолының тағы 3 шақырымына қозғалыс ашылды

"Атырау - Астрахан" тасжолының құрылысы қарқын ала бастады" деп хабарлайды ATPress.kz.

Бұл туралы “ҚазАвтоЖол” ҰК”АҚ баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева мәлімдеді.

"Қозғалысты асфальтбетон жабынының төменгі қабатын төсеу қарқынына қарай ашып жатырмыз. Кеше республикалық маңызы бар "Атырау-Астрахан" трассасының тағы 3 шақырымында (4 учаске, Исатай аулының маңы) қозғалыс аштық. Жол-құрылысы маусымы басталғаннан бері бұл күре жолдың 17 шақырымы ашылып, жолаушыларға жағдай жасалып отыр. Жалпы тас жолдың 77 шақырымы дайын.  Жұмыс қарқыны әлі де артады" деді баспасөз хатшысы.

Компания өкілінің айтуынша, барлық 4 учаскеде құрылыс қайта жанданған.

"Бүгінгі таңда 4 учаскеде 5 асфальт-бетон зауыты жұмыс істеп тұр. Құрылыс жұмыстарына 470 бірлік техника және 539 қызметкер жұмылдырылды. Уәкілетті органдармен бірлесіп көршілес Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан қиыршық тас тасымалдау үшін жартылай вагондарды жеткізу бойынша жұмысты ретке келтірудеміз. Сонымен қатар, су өткізу құбырлары мен көпірлердің құрылысы қолға алынды" дейді Ләззат Стамғазиева.