«Атырау-Астрахан» тасжолында "Lada Largus" жылқыға соғылды (+ВИДЕО)

Атырауда жыл басынан бері тасжолда үй жануарларының қатысуымен 100-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыс аумағында соңғы 9 айда тасжолдарда үй жануарларының қатысуымен 111 жол-көлік оқиғасы орын алды. Көбі қала сыртындағы тасжолдарда болып отыр. Мәселен, 11 қазан күні сағат 23:50 шамасында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тасжолының 577-шақырым тұсында Lada Largus автокөлігі жылқы малын қағып, жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақатын алып, облыстық ауруханаға жеткізілді.

Үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі түнгі уақытта орын алады. Себебі, тәуліктің қараңғы уақытында бір-біріне қарсы жүрген көлік жүргізушілері алыс жарықты өзіне қарсы жүріп келе жатқан автокөлік әбден жақындағанша өшірмейді. Салдарынан жүргізушінің көзі жарыққа шағылысып, жол үстінен өткен малды көрмей қалып жатады.

"Егер жүргізуші мал айдау жол белгісі бар аумақта бақташы бар кезде үй жануарын қақса, онда кінә жүргізушіге артылады. Ал, аталған белгіден тыс жерде және бақташы болмаған жағдайда жауапкершілік мал иесіне артылады" дейді облыстық полиция департаментінің мамандары. 

Айта кетейік, жыл басынан бері иесіз мал жайылымының алдын алу мақсатында ҚР ӘҚБтК 408-бабы (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) бойынша 583 тұлға жауапкершілікке тартылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ