АМӨЗ-ге қатысты желідегі жазбаларға түсініктеме берілді

Соңғы кезде әлеуметтік желіде отын газын алауға жаққаны және электр көзінің өшуі бойынша «АМӨЗ» ЖШС-іне қатысты жазбалар қызу талқыға түсуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осыған орай, обылстық экология департаменті аталған кәсіпорынға бес рет жоспардан тыс тексеріс жүргізген екен. Оның нәтижесі не көрсеткенін біз департаменттің баспасөз өкілі Эльнара Ораловадан сұрап білдік.

– Тексеріс кезінде алау қондырғысында газдарды жағу кезінде бекітілген нормативтен артық шығарындыларды жүзеге асыру, өнеркәсіптік шығарындылардың сынамаларын алу үшін арнайы орындардың болмауы мен эмиссиялардың автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілмеуі және қалдықтарды басқару талаптарының бұзылуы анықталды. Нәтижесінде, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен хаттамалар жасақталып,  Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Сот қаулыларымен алғашқы заңбұзушылықтар үшін «АМӨЗ» ЖШС-іне эмиссияның тиісті көзін немесе өндірістік учаскені пайдалану туралы экологиялық рұқсатты тоқтатпай, жалпы көлемі 16 056 421 теңге айыппұл салынды. Ал, қалған заңбұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 344 және 325-баптарымен жалпы көлемі 862 500 теңге айыппұл салынды, - дейді ол.

Сонымен қатар, «АМӨЗ» ЖШС Әкімшлік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің жаңа нормаларына сәйкес, 328-баптың 3-тармағымен қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін бір жыл ішінде жүйелі түрде (екі реттен көп) асырғаны үшін жауапкершілікке тартылып, материалдар әкімшілік айыппұл салу және экологиялық рұқсат қолданысын 1 айға тоқтата тұру үшін сотқа жолданды.

Айта кететін жайт, сот "АМӨЗ" ЖШС стратегиялық объектіге жататындықтан, экологиялық рұқсаттың қолданылуын тоқтатпай әкімшілік жаза қолданумен ғана шектеледі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: иллюстратив (ru.freepik.com)