«Бекіре-2022» балық қорғау акциясының бірінші аптасында заңсыз айналымнан 911 кг балық алынды, деп хабарлайды ATPress. kz. ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті өкілінің ресми мәліметінше, броконьерлік фактілері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалған. «Акция басталғаннан бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 101 дерегін анықтады, соның нәтижесінде 80 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды» делінген ресми хабарламада. Одан өзге 4 іс әкімшілік сот органдарына жолданыпты. Заңсыз балық аулау дерегі бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзушыларға 1,5 млн. теңге айыппұл салынды. «Заңсыз айналымнан 911 кг балық және 33 бірлік балық аулау құралдары, 33 бірлік суда жүзу құралдары алынды. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті сүзу жұмыстары нәтижесінде су қоймаларынан 94 бірлік заңсыз балық аулау құралдарынан тазартылды» дейді ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі. Естеріңізге сала кетейік, кең ауқымды «Бекіре-2022» балық қорғау акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өңірдегі барлық құқық және табиғат қорғау органдарының тікелей қатысуымен сәуір мен мамыр ай аралығында өтеді.