Биыл Мақат ауданының құрылғанына бір ғасыр толып отыр

Биыл Мақат ауданының құрылғанына тура бір ғасыр толып отыр. Аз уақыт емес. Ал, бұл ауданның аты ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалғанын білесіз бе? Себебі, қазақтың ең алғашқы «қара алтыны» осы өлкеде, нақтырақ айтқанда, Доссор кентінде атқылаған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

ТАРИХТЫ ҚАЙТА ТӨҢКЕРІП ҚАРАСАҚ...

Ендеше, аталған кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Мұнайлы мекен тұрғындарын қандай мәселелер мазалайды? Мұнай өнеркәсібінен басқа салалар қалай дамып жатыр? Міне, осы және өзге де сауалдарға жауап іздемек болып біз ауданға ат басын бұрдық. Олай болса, журналистер қауымы үшін жауынгерлік жанр саналатын репортаждың кезекті шығарылымын оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз...

Иә, қазақ деген халықтың бар екенін әлемге әйгілі еткен осы Доссор кенті ғой. Тарихты қайта төңкеріп қарасақ, сонау 1911 жылы 29 сәуір күні 225 метр тереңдікте жатқан юра қабатынан алғаш мұнай бұрқағы атқылаған екен. Онымен қоймай, 20-25 метр биіктікке 30 сағат бойы атқылап тұрып алыпты деседі. Сөйтіп, тәулігіне 13 мың тоннадан астам мұнай жер үстіне шыққан. Осылайша, Қарашүңгілден кейін тағы бір мол мұнай қоры анықталды. Мұны шетелден келген мүйізі қарағайдай ғалымдар да мойындап, жаһанға жария етті. Міне, сол сәттен «қара алтын» өндірісінің жылнамасы бастау алды. Әлгі айтқан шетелден түрлі компания өкілдері келіп, мұнай бұрғылау жұмыстарымен айналысты. Осы кезде Доссорда зәулім ғимараттар бой көтеріп, көпқабатты тұрғын үйлер салына бастапты.

ТҰРМЫС ЖАҚСАРЫП, ХАЛЫҚ КӨБЕЙДІ

Бүгінде бұл жерде 13 мыңға жуық халық тұрып жатыр. Солардың бірі, Мақат ауданының Құрметті азаматы Роза Үмбетованың айтуынша, кент тұрғындарының тұрмысы бұдан бұрын да төмен болмаған секілді...

«Баяғыда жоғары оқу орнын енді бітірген жас түлекті басқа өңірге жолдамамен жіберетін еді. Мен де дәл солай 1972 жылы осында келіп, Абай атындағы мектепте физика пәнінен сабақ бердім. Кейін аталған білім ұясы басшысының орынбасары қызметін атқардым. Сол кезде барлық ауданда мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған түзеу кабинеттері жұмыс жасады. Ал, бізде ашыла қоймаған еді. Себебі, бұрын ондай балалар сирек кездесетін. Өкінішке орай, кейін олардың қатары күрт көбейе бастады. Мен сол олқылықтың орнын толтырып, түзеу кабинетін аштым. Бұл уақытта ауданда мүмкіндігі шектеулі 335 бала болды. Біз олардың қоғаммен біте қайнасып, өз асқақ армандары мен мақсат-мұраттарына жетуіне жағдай жасадық. Ақыры, еңбегіміз еш кетпеді. Олардың бәрі де есейіп еңбекке араласты, отбасын құрды, туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлестерін қосты» дейді ол.

АУЫЛ АЛҒА БАСЫП КЕЛЕДІ

Бірақ, ардагер апамыздың көңіліне кірбің ұялатқан жайттар да жоқ емес екен. Мәселен, сол кездегі үкіметтің ауылдағы ұжымшарлар мен кооперативтерді жаппай таратып жібергені жергілікті халыққа ұнай қоймапты.

«Кезінде ауылда дәурені дүрілдеп тұрған еңбек ұжымдарын таратып жіберді үкімет. Таңдай қақтырған техника да, қымбат құрылғы да, бәрі де бір сәтте жоқ болды. Бұл ауыл экономикасын құлдыратып жіберді десе де болады. Ал, қазір ше? Бәрі қалаға кетіп жатыр. Себебі, ауылда ештеңе қалмады. Енді мемлекет сол жоғалуға сәл қалған ауылдарды аяққа тұрғызып, олқылықтың орнын толтырғысы келеді. Бұл құптарлық іс, әрине. Бірақ билік басындағылар осыны о баста неге ойламады екен? Мені осы жағы қынжылтады. Шүкір, еліміз ес жиып, етек жиғалы, ауылдың жағдайын жақсартуға жағдай жасалып жатыр ғой. Енді сол үрдісті үзіп алмауымыз керек. Ұлтымыздың ұлағатты ұғымдары, тәлім-тәрбиесі мен мен таным-түйсігі, мол мұрасы мен мәдениеті, қасиетті де қастерлі құндылықтары – қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда сан ғасыр сақталып келеді. Ауылды неліктен дамыту керек десеңіз, бұл жастар үшін қажет, олардың болашақта салауатты ұрпақ, саламатты ұлт болып қалыптасуы үшін керек. Біз кезінде алдымыздағы аға ұрпақтың ұлағатын көріп өстік. Ал, бүгінгілер кімнен үлгі алады, сол жағын ойланған жөн» дейді сұхбаттасушымыз.

ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР НЫСАН

Осыдан кейін біз ауданның өзімен бір уақытта кірпіші қаланған байырғы нысандардың бірі – Доссор мәдениет үйіне бардық. Сөйтсек, бұл – аймақта алғаш салынған мәдениет ошағы екен. Біз болсақ, аталған мәдениет үйінің басшысы Думан Құрмашты сөзге тарттық.

«Ғасырлық тарихы бар нысанға қош келдіңіз. Бұл ғимараттың іргесі сонау 1921 жылы қаланған. Алғашында клуб болып ашылған. Десек те, оның ескі екеніне қарамастан, қажетті құрал-жабдықпен қамтып, заманауаи құрылғылар мен сапалы техникалар алдық. Бірақ, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бір жаңартып алса да артық етпейді деп ойлаймыз. Себебі, бұл мекеме мемлекет қорғауында тұр. Бүгінде мұнда 36 маман жұмыс жасайды. Үлкен сахна, балкон және 316 орындық залымыз бар. Драма, сурет, тігіншілік, би үйірмелерінде балалар дәріс алуда. «Еркем-ай» би ансамблі халықтық үлгілі би ұжымы атағын алды. Басқа да жетістіктеріміз көп, оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес» дейді ол.

КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙДЫ

Мұнайлы мекенде мәдениетпен бірге, кәсіпкерлік саласы да кеңге қанат жайған. Мұны біз жергілікті бизнесвумен Гүлмира Бауыржанқызынан білдік. Ол кезінде аз ғана пайызбен мемлекеттен несие алып, кәсіп бастапты.

«Бір қарасаңыз, мен кәсіпкер болып туған жоқпын ғой. Алғашқы кезде 15 жыл шаштараз болып жұмыс жасадым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Кейін, нақтырақ айтқанда, осыдан үш жыл бұрын сұлулық салонын аштым. «Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің, ал, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» деп бекер айтылмаған екен. Осылайша, мен де тәуекелге бел буып, бизнес бастадым. Шүкір, бастаған ісім оңға басып, енді соның жемісін көріп жатырмын. Бүгінде халыққа қолжетімді бағада қызмет көрсетіп, әрі ауылдастарымды жұмыспен қамтып отырған жайым бар. Бүгінде мұнда шаш қиюдан бөлек, тырнақ күтімі, бет массажы, макияж жасау секілді қызмет түрлері көрсетіледі. Қазірдің өзінде салонда персоналды 12 қызметкер сүйікті ісімен шұғылданып, өз нәпақасын тауып отыр. Алдағы уақытта олардың қатарын көбейту де жоспарда жоқ емес. Олай болса, кәсіпкерлікке бет бұрғысы келіп жүрген жандарға айтар ақылым – ештеңеден қорықпай, ешкімнен қаймықпай адал кәсіп ашса екен деймін. Ал, қалғанын нарықтың өзі реттейді» дейді кейіпкеріміз.  

ЧЕМПИОНДАР МЕКТЕБІ

Өндіріс өркендеген кентте кәсіпкерліктің де көркейіп келе жатқаны қуантады. Ал, спорт саласына қаншалықты көңіл бөлінген? Біле білсек, Доссордан талай дүлей спортшылар шыққан болатын. Әсіресе, муайтай бағытында Еуропа мен Азияны айтпағанда, бүкіл әлемді бағындырған Еламан Саясатов, Ишан Галиев, Әбіл Галиев секілді Мақаттың мықтылары жетерлік. Бұл орайда, оларды осындай дәрежеге жеткізген ардагер жаттықтырушы Қалыбай Галиевтің ерен еңбегі бар екенін ерекше атап өткен артық болмас.

Осы орайда, біз Доссор балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне бас сұғып, оның басшысы Бейбіт Рахимовпен тілдестік. Оған жоғарыдағы сауалымызды қойдық.

«Есіңізде болса, 2001 жылы қазақ мұнайының қарашаңырағы атанған Доссор кентінің торқалы тоқсан жылдығы кең көлемде аталып өткен болатын. Бұған кент тумасы, талай лауазымды қызметтің басында болған Нұрлан Балғымбаевтың өзі зор көңіл бөлді. Осы кезде балалар-жасөспірімдер спорт мектебі де ашылды. Аумағы – 1271 шаршы метрді құрайды. Бүгінде мұнда 700-ге жуық шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Қазір олар спорттың он түрі бойынша жаттығады. Атап айтар болсақ, бұлар – волейбол, футбол, дзюдо, еркін күрес, каратэ, бокс, муайтай. Ал, шахмат пен жеңіл атлетика үйірмесі биыл ашылды. Өзіңіз көріп отырғандай, спортпен шұғылдануға ынта-ықыласы зор балалар мен жасөспірімдер қатары күннен-күнге артып отыр. Сондықтан мектеп жанынан қосымша ғимарат салынса, нұр үстіне нұр болар еді» деген ұсыныс-тілегін жеткізді спорт мектебінің басшысы.  

...Иә, Доссор кентінің бүгінгі тыныс-тіршілігі көз сүйсінтіп, көңіл қуантады. Мұны ондағы халық санының оң динамикасынан айқын аңғаруға болады. Өйткені, халық өсімі байқалған жерде тұрмыстың төмен болуы мүмкін емес. Ендеше, жақын келешекте аталған кент қала мәртебесін алып жатса, таң қалмаңыз!  

Әйтсе де, алда атқарылар іс те көп, шешімін күктен мәселе де жетерлік. Бұл жолы тек соның бірсыпырасын ғана сөз еттік. Біз аралаған нысандардан бөлек, мұнда төрт бірдей білім ордасы және басқа да бірқатар маңызды орындар бар. Оларға келесі жолы міндетті түрде баратын боламыз. Ал, әзірге доссорлық ағайынға олардың өмірінде сәулелі сәттер мен шуақты шақтар көбірек болуын тілеп, келесі кездескенше қимай қоштасып кете бардық...

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ