2024 жылғы Атырау облысының өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру шеңберінде 30 099 жұмыс орындарының құрылуы жоспарланды, оның ішінде 18 200 жұмыс орны тұрақты. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Оның ішінде іске асырылып жатқан ұлттық жобалар және даму концепциялары шеңберінде 3116, субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 5762 (оның 357-сі әлеуметтік, 3059-ы қоғамдық жұмыс, 1489-ы жастар практикасы, 242-сі алғашқы жұмыс орны, 15-і ұрпақтар келісім-шарты, 600-і күміс жас жобасы арқылы), бос жұмыс орындарына 9348, Мемлекет басшысының «100 жұмыс орны әр 10 мың халық үшін» бастамасы шеңберінде 11 358, «Ауыл аманаты» бойынша 761 млн теңгеге микрокредиттер беру арқылы 83, жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген кредит беру арқылы 291, халықтың осал топтарына қайтарымсыз гранттар беру арқылы 141 жұмыс орны құрылады, - деді А.Мәмбетов.
Сондай-ақ оның айтуынша, ұлттық жобалар бойынша құрылған жұмыс орындары «Интеграциялық жұмыс орындарын құру» ақпараттық жүйемен электрондық еңбек биржасына вакансияларды жариялау арқылы іске асырылады.
Айта кетейік, бүгінде «Интеграциялық жұмыс орындарын құру» ақпараттық жүйеге 26 жобада жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта 241 ваканттық жұмыс орны жарияланып, электронды еңбек биржасы арқылы 94 адам жұмысқа орналасты.