Атырау облысы бойынша Әділет департаментімен алимент төлеуден жалтарған борышкерлермен мүлдем төленбей отырған берешектерін өндіру мақсатында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Нәтижесінде 43 375 459 теңге берешек өндірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз брифингінде облыстық әділет департаменті сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Ақбөбек Дүсіпқалиева айтты.
- Өткен жылдың соңында 9564 алимент өндіру туралы құжат қалдықта қалған. Оған биыл 1186 атқару құжаты қосылып, орындауға түскен. Өткен жылмен салыстырғанда 14 %-ға арту байқалады. Қазіргі таңда 10 750 атқару құжатының 983-і аяқталып, 9637 құжат орындалуда, - деді А.Дүсіпқалиева.
Күні бүгінге дейін Атырау облысы бойынша жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіру туралы 9 мыңнан астам атқару құжаты орындауда жатыр. Оның 48-і - борышкер әйел адам, яғни аналар. Сондай-ақ олардың арасында мемлекет пайдасына алимент төлеуі тиіс, аналық құқығынан айырылып, кәмелет жасқа толмаған балаларын балалар үйіне тастап кеткен 21 әйел бар. Ал қалған 27 борышкер - ерінің тәрбиесіне тастап кеткен балалары үшін алимент төлеуі тиіс әйелдер. Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау облысы бойынша жалғызбасты 27 әке балаларына алимент алуда.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ