Атырауда инватаксилер жыл басынан бері 14 мыңнан астам қызмет көрсеткен

Биыл инватакси қызметіне жергілікті бюджеттен 103 миллион теңге бөлініп, жыл басынан бері 14 мыңнан астам тасымал жасалынды. Бұл туралы AtPress сайты хабарлайды.

Инватакси қызметіне атыраулық мүмкіндігі шектеулі азаматтар аса зәру. Өйткені діттеген жеріне қоғамдық көлікпен жете алмайтыны белгілі. Ал таксимен жүру онсыз да жәрдемақыны жырымдап жұмсайтын мүгедек жандар үшін ауыр тиеді. Осы ретте ерекше күтімдегі адамдардың жайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында инватакси қызметі жолға қойылған.

Атырау қаласында 250-ден астам  мүмкіндігі шектеулі жанға 25 инватакси қызмет көрсетеді. Соның ішінде «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің 5 автокөлігімен 2192 тасымал жасалынып, кресло-арбамен қозғалатын 77 мүгедекке қызмет көрсетсе, оның 23-і балалар. Сонымен қатар, «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің  9 автокөлігімен 5527 тасымал жасалынып,  84 зағип жанға қызмет көрсетілді. Ал «Мақат» қоғамдық бірлестігі 10 автокөлігімен 6390 тасымал жасап,  87 мүгедекті тиісті жерлерге тасыды.  

Естеріңізге сала кетейік, былтыр  «McDonald’s»  компаниясы мүгедек жандарды тасымалдайтын арнайы  екі автобусты тарту еткен еді. Қазіргі таңда бұл көліктер  мүгедек жандар үшін тәулік бойына қызмет көрсетіп отыр.

Атырау қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары  Анар Жеңісованың айтуынша, инватакси қызметі кедергісіз жұмыс істеп жатыр.

-Инватаксиге қатысты шағым жоқ. Өйткені бұл бағыт біздің жіті назарымызда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен де тығыз байланыс орнатып, олардың мұң-мұқтажынан хабардармыз. Сондай-ақ тәулік бойы ақылы қызмет көрсететін инватакси қызметі де жолға қойылған.  Яғни онымен бүгінгі күнге дейін 147 адам қамтылды. Олар такси бағасының жартысын ғана төлейді, - дейді А.Жеңісова.  

Айта кетейік, былтыр  инватакси қызметіне жергілікті бюджеттен 91 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, 32 мыңнан астам тасымал жасалды.