Атырауда инклюзивті театр алғашқы шығармашылық кешін өткізді

Осы жылдың ақпан айында құрылған «Талшын» инклюзивті театры алғашқы шығармашылық кешін өткізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Инклюзивті театр мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіруге және шығармашылық оңалтуға бағытталған. Жоба осы жылдың басынан бастап жүзеге асырылуда және мүмкіндігі шектеулі жандарға актерлік, шешендік, вокал және хореография бойынша тегін курстар ұсынады. Бес жастан бастап кез-келген мүгедектігі бар адамдар актер, ал жобаның еріктілері кез-келген адам бола алады.

«Біз де адамбыз» қоғамдық қорының және «Талшын» инклюзивті театрының басшысы Гүлназ Қосмурзиеваның айтуынша, қазіргі таңда қорда 70-тен аса, ал театрда 18-63 жас аралығында 30 адам бар. Театрдың негізгі мақсаты - адамның жан дүниесін ашу, рухани байыту.

- Өмірдің қиын кезіне түскенде, қай есікті қағарыңды білмейсің. Оқыс оқиға болып, мүгедектікке таңылған жағдайда алғашқы көмек қолын созып біз барамыз. Үйде жатып, қоғамнан тыс қалмасын деп оларды биге, спортқа баулимыз. Жаңа өмір бастауына көмектесеміз. Өзгеден өзін кем санамасын деп қоғаммен байланыс орнатамыз. Бүгінгі кеш сол тәжірибенің арқасы,- деді паратлетикадан және арба биінен Қазақстанның спорт шебері Есболат Балбаев.

Концерттік бағдарламада өнерпаздар ән айтып, би билеп, поэзия оқу арқылы өмірге деген ерекше ықыластарын көрсетті. Іс-шара «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының қолдауымен және «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Возможно, это изображение 6 человек, люди учатся и толпа