Жастарға онлайнда табыс табуды тегін үйрететін “Шектелме” жобасының екінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қатысушылардың кейбірі курста меңгерген білімінің арқасында табыс тауып үлгерген. Солардың бірі – жылыойлық оқушы Қарашаш Уәли.
- Мен Тұрғызбадағы орта мектепте оқимын. Курсқа “Таргет” бағыты бойынша тіркеліп, әлеуметтік желіге жарнама жіберудің тәсілдерін үйрендім. Алғашқы таргет жарнамамды иіссуларға жасап көрдім. Соның нәтижесінде 5 тауар саттым, - дейді жас таргетолог.
«Теңізшевройл» компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан «Шектелме» жобасы Жем ауылдық округінде жалғасып, оған 50-ден астам тұрғын тартылды. Копирайтинг+SMM», «Таргетинг+SMM», «Графика дизайны» бағыттарын қамтитын курстарды «Жаңаша» қоғамдық қоры өткізуде.
- Алғашқы кезеңіміз Ақкиізтоғайдан басталып, 38 қатысушының 17-сіне курс мазмұнын толық меңгергенін растайтын сертификат берген едік. Екінші лекте 30 адамға сертификат тапсырып отырмыз. Бұл - жоба басталғалы 50-ге жуық жас онлайнда табыс табудың тілін түсініп, еңбек нарығына қосылды деген сөз. Бұдан бөлек, қатысушыларды ынталандыру мақсатында жариялаған байқауымызды қорытындылап, “Үздік жазба”, “Үздік дизайн”, “Үздік қатысушы” номинациялары бойынша озаттарды анықтадық, - дейді қор басшысы Алтынай Серікбай.
Курсқа жазылғандардың қатарында Құлсары қаласынан келіп оқып жатқандар да бар. Солардың бірі – Мақпал Байқұт.
- Мен - есепшімін. Өз парақшамды эксперт ретінде жүргізіп, қызметімді онлайнда ұсынғым келеді. Курсқа жазылғандағы мақсатым – осы. Сабақ барысында өзіме қажетті көптеген ақпарат алдым. Үйренген инструменттердің кейбірін біртіндеп қолданып та жатырмын. Осы курста алған білімімнің арқасында жеке кәсібімді дамытып, табысымды арттыра түскім келеді, - дейді ол.
«Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясындағы жобаға Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы, Жылыой ауданы әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.
- Бұл – жастарға керек жоба, керек білім. Жаз айларында Жаңа Қаратон кенті, Қараарна, Қосшағыл ауылдық округтерінде өтетін курстарға жерлестеріміз белсене қатысады деп сенемін, -дейді Жылыой ауданының жастар ресурстық орталығының басшысы Әлібек Амандықов.
Бүгінде Жаңа Қаратонда өтетін курстарға тіркеу жүріп жатыр. Жобаға қатысу үшін 8702 8208920 номеріне хабарласуға болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ