Атырауда облыстық инфекциялық аурухананың 40-қа жуық қызметкері "еңбекақымызды көтерсін" деп наразылық білдірді.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме беріп хабарлайды. Қымбатшылық кезеңінде 87 мың теңгеге күн көру мүмкін емес дейді аурухана санитарлары. Бұған қоса, басшылық ай сайын зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыруға да жарна аудармаған. Қауіпті аймақта тәулік бойы жұмыс істеген дәрігерлерге пандемия кезінде берілуі тиіс үстемақы берілмеді.
№2 Атырау облыстық ауруханасының санитарлары мен дәрігерлері басшылықтың зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыруға жарналарын төлемей, мереке сайын сыйақы да төлемегенін айтты. Қызметкерлердің айтуынша, соның кесірінен несие ала алмай отыр.
Аурухананың ең лас жерлерін жуып, тазалықта ұстайтын санитарлар алатын 87 мың теңге түкке жетпейді. Олар еңбекақыны 200 мыңға дейін көтерсін деген талап қойды.
“Еңбеақымызды дұрыс берсе екен, зейнетақы, сақтандыруымызды дұрыс аудармай жатыр. Сыйақы да жоқ. Пандемия кезінде курьерлік қызмет еттік, соның кесірінен ауырып қалдым. Еңбек демалысы ақысын да үнемі кешіктіріп береді”, – деді Атырау облыстық №2 инфекциялық ауруханасының лаборанты Айжан Сағындықова.
“Басты талабымыз – адал еңбекақымызды дұрыстап төлесін. Күні-түні балаларымызды тастап кетеміз, 24 сағат жұмыста жүреміз. Бізді адам ғұрлы көрмейді”, – деп наразылығын жеткізді Атырау облыстық №2 инфекциялық ауруханасының санитар қызметкері Қарлығаш Сақтағанова.
“Мереке сайын берілетін премиямыз жоқ. Басшылықтардың айтатындары ешқандай ақша жоқ. Үнемдеу керек дейді. Олардан жауап болмағандықтан, жоғары жақтан көмек сұраймыз”, – деді аурухананың тағы бір санитар қызметкері.
Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, барлық қызметкердің тиісті жарналары ай сайын төленіп отыр. Ал жалақы мәселесі бойынша арнай комиссия құрылып, жыл соңына дейін реттеледі деп уәде берді.
“Қазір денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен комиссия құрылды. Жұмыс жүріп жатыр. Бұл мәселені түсіндірдік ,жіктеп айтамыз. Жыл соңына дейін бұл мәселе шешіледі”, – деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Қайратұлы.
Небәрі 87 мың теңгеге күн көріп жүрген бір топ санитар тағы бір ай күтуге мәжбүр. Бірақ олар уәде тағы орындалмаса, жоғары жаққа шағымданатынын жеткізді.