Атырауда аналар ардақталды

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік шара өтті. Атырау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Air Swift» мекемесінің қолдауымен өткен кешке көпбалалы аналар, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар қатысты.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов жиналғандарды айтулы күнмен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
- Аналарымызды ардақтап, қадір тұтудың шектеулі мерзімі жоқ. Десек те, көктемнің күнін көрікті ететін 8 наурыз – «Халықаралық әйелдер күні» сол 365 күннің ең бір ерекше күні екені даусыз. Аналарымыздың қоғамда алар орны ерекше. Жанқиярлық ерлігімен, талайды тәнті еткен өнерімен, ақыл-парасатымен ел есінде мәңгі сақталатын Қазақ әйелдері Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен нығаю ісіне де еселі үлес қосып келеді, - деді әкім орынбасары.
Салтанатты жиында көпбалалы аналарға Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 27 қаңтардағы №117 және 2023 жылғы 15 ақпандағы №128 жарлығы бойынша 25 анаға «Алтын алқа» және 73 анаға «Күміс алқа» табысталды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтармен жұмыс жасайтын белсенділер және көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, аталған мекеме ұйымдастыруымен лоторея ойнатылса, кеш соңында интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.