Әскерилерге арналған тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Отбасы банкі "Әскери баспана" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдауды бастады, деп хабарлайды ATPress.kz

"Отбасы банк" сайтының жазуынша, аталған бағдарламаға тұрғын үй төлемдерін алып тұратын, "Отбасы банкінде" арнайы ағымдағы шоты бар және бұған дейін тұрғын үй төлемдерін жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдаланбаған кез келген әскери қызметші қатыса алады.

Олар: онлайн-табыстау арқылы сатып алынған депозитпен біріктірілмеген, банкте арнайы салымы бар азаматтар;

"Әскери баспана" бағдарламасына қатысу туралы ағымдағы өтініші жоқ азаматтар;

"Әскери баспана" бағдарламасы бойынша несие алу үшін өтініші жоқ азаматтар;

"Әскери баспана" бағдарламасы бойынша несиесі жоқ азаматтар;

Барлық өтініш 30 күннің ішінде баспана маркет порталында қабылданады.

Одан кейін автоматты түрде негізгі және резервтік тізімдер құрылады.

"Іріктеудегі жалғыз талап – арнайы депозит бойынша жинақталған сыйақы сомасы. Бұл дегеніміз, тұрақты түрде қаражат жинағандардың негізгі тізімге кіру мүмкіндігі жоғары болады. Негізгі немесе резервтік тізімге өткенін немесе өтпегенін үміткерлер Баспана маркет порталындағы жеке кабинеттерінен көре алады", - дейді банк қызметкерлері.

Негізгі тізімге енген әскерилер 180 күннің ішінде банк бөлімшесінде, банк кеңесшілерінен немесе бейнебайланыс арқылы төлем қабілеттілігін алдын ала бағалаудан өтуі керек. Сосын баспана тауып, өтініш жіберу қажет. Бағдарлама бойынша несие алу шарттары өзгерген жоқ.

Олар: ең төменгі қажетті жинақ сомасы - 15%;

несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі - 8% (ЖТСМ 8,3%-дан бастап);

несие мерзімі – 25 жылға дейін;

пайдалану мақсаты – алғашқы/екінші нарықтағы тұрғын үйді, оның ішінде үлестік келісім шарты бойынша сатып алу және жөндеу;

Меншікте тұрғын үйдің болуына ешқандай шектеулер жоқ.

Несиенің ең жоғарғы сомасы клиенттің таңдауы бойынша, екі нұсқаға сай есептелуі мүмкін.

Ресми мәліметке сәйкес, 2021 жылы Отбасы банкінде ақша жинаған 3 318 қазақстандық әскери қызметші қолайлы шарттармен жалпы сомасы 77,4 млрд теңгеге несие алды.

Ал жалпы бағдарлама іске қосылғады бері 13 378 қазақстандық әскери қызметші тұрғын үй жағдайын жақсартты.