Қаңтар оқиғасында ішкі істер органдарының арнаулы құралдарды қолдануына толық негіз болды.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматыда қаланың екі жағынан жиналған мыңдаған адам Орталық алаңға бет алды. Қоғамдық жаппай тәртіпті бұзу басталды. Заңсыз шеру ұйымдастырылды. Қалада кептелістер пайда болды. Наразылыққа шыққандардың саны артты. Демонстранттар көліктерді тоқтатты. Жүргізушілер мен жолаушыларды алаңға баруға мәжбүрледі. Жолда олар арматурамен, таяқтармен және тастармен қаруланды. Полицияның заңды талаптарына бағынбады. Онымен шектелмей, заңсыз шеруді тоқтатуға жұмылған Ұлттық ұланның 250 әскери қызметкеріне шабуыл жасады. Олардың 30-ы дене жарақатын алды. Оларға көмектесу үшін қосымша қызметкерлер мен СОБР тартылды», - деді Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша, орын алған жағдай ескеріле отырып, полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері адам өлім-жітіміне себепкер болмайтын арнаулы құралдармен жабдықталған. Шабуылдаушылармен қақтығысқан сәтте мұндай құралдар қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін қолданылған.
«Бұл құралдар «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сай жүзеге асырылды. Ол үшін барлық негіз болды: жаппай тәртіпсіздіктер мен қоғамдық тәртіпті топтасып бұзу, азаматтарға, қызметкерлерге, ғимараттарға, көлік құралдарына шабуылдарды тойтару, ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған тұлғаларды ұстау», - деді министр.
Қаңтар оқиғасында полиция қаруды заңды түрде қолданды.
«5 қаңтарға қараған түні бірқатар өңірде митингілер ұйымдастырылды. Автожолдар мен темір жолдарды жапты, вокзалдар мен әуежайларды бұғаттады, мемлекеттік органдар ғимараттарын қоршады. Елді мекендердің инфрақұрылымы мен күнделікті тіршілігіне кедергі келтірілді. Яғни қарапайым қазақстандықтардың қоғамдық құқықтары бұзылды. Бір мезгілде Тараз, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Орал қалаларында мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдіктердің ғимараттарына шабуыл жасалды. Барлық жерде қызметкерлерге қарсы күш қолданылды, нәтижесінде көбісі ауыр жарақат алды. Ғимараттар, қызметтік автокөліктер, бейнебақылау камералары зақымданды. Қысқасы, бұны «бейбіт митинг» деп айтуға мүлдем келмейді», - деді министр.
Оның дерегінше, 5 қаңтар күні күндіз тәртіпсіздік кеңінен тарады. Олар Қызылорда, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған қалаларында жалғасты. Нәтижесінде Қызылорда қаласында сағат 15-30 минутта Ұлттық ұланның әскери қызметшісі М.Қайсаровты, сағат 16-00 минутта Талдықорғанда тағы бір әскери қызметші А.Амановты жаулап алған арнайы көлікпен қасақана соғу әреккеті орын алды. Олар мерт болды. Қызылордада сағат 16-15-те қару-жарақты иемдену мақсатында полиция бөлінісін қарумен басып алу әрекеті жасалды.
«Халықтың, сонымен қатар полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қатердің алдын алу мақсатында қылмыскерлерге қарсы қару қолданылды. Қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылды. Ол үшін барлық негіз болды. Бұл – азаматтарды қылмыстық озбырлықтан қорғау. Бұл – қару иеленуге тырысушылардың жолын кесу. Бұл – қызметкерлерге, қызметтік және әскери кезекшіліктерге, күзетілетін нысандарға шабуылды тойтару. Егер полиция қызметкерлері Заңда көзделген кешенді іс-шараларды орындамағанда трагедия мұнан да ауқымды болар еді. Прокуратура құқықтық баға берді. Оларды қолдану заңды деп танылды», - деді Марат Ахметжанов.
«5 қаңтардан бастап аймақтарда төтенше жағдай режимдері мен коменданттық сағаттар енгізілді. 6 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап терроризмге қарсы операция режимі жарияланды. Бұл – қысқа мерзімде елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өкінішке орай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 037 полиция мен ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жарақат алды. 28-іне оқ тиіп, 177-сінің сүйегі сынған. 111-і пышақталған. Көптеген қызметкерлер әлі де ем алуда», - деді министр.
Оның атап өтуінше, полиция қаңтар оқиғасы бойынша 4 623 қылмыстық істі тергеді. Олардың көбісі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары.
«20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталды. Оның 502-сі арнайы прокурорларға берілді», - деді Марат Ахметжанов.
«Жалпы, еліміз бойынша қылмыскерлер 2 960 қару-жарақ пен шамамен 63 мың оқ-дәріні ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта оларды іздеу қарқынды жүргізіліп жатыр. қылмыстық іс аясындағы жедел іздестіру іс-шарасы барысында 200-ден астам қойма жойылды. Олардан 4 160 қару-жарақ пен 57 мың оқ-дәрі табылды. Бүгінде 964 қару-жарақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталды», - деді министр.
Марат Ахметжановтың дерегінше, 3 196 қару-жарақ, оның ішінде 7 гранатомет, 1 пулемет бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
«Осылайша, қылмыскерлердің қолында 1 мыңнан астам криминалдық қару-жарақ болған. Шабуылдаушылар олдарды қолдануды жоспарлаған», - деді ол.
Фото: Reuters