Қазақтың көкпары шетелде де өтіп тұрады

«ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Памир үстіртіндегі қодас мінген көкпаршылар -«Халық» газеті

Шыңжаңның Ташқұрған тәжік автономиялық ауданы Памир үстіртінің шығыс етегінде орналасқан. Оның теңіз деңгейінен орташа биіктігі 4 000 метрден асады. Қодас – Ташқұрған ауданының фермерлері мен малшылары өсіретін негізгі мал түрлерінің бірі және жергілікті халықтың тұрмысымен етене байланысты жануар, - деп жазады Қытайдың «Халық» газеті ақпараттық порталы.

Қытайлық БАҚ келтірген мәліметіне сүйенсек, қодаспен көкпар тарту – Ташқұрған ауданында кең таралған дәстүрлі халықтық спорт түрі.

Кейінгі жылдары бұл ерекше дәстүрлі спорттық іс-шара Ташқұрған ауданы туристік индустриясының дамуымен бірге, саяхатшылар арасында танымал бола бастапты.

Ташқұрғандықтар той-томалақта қодаспен көкпар тартып, мерекенің көркін қыздырады. Қазіргі уақытта көкпаршылар туристерге осы ерекше спорт түрін таныстыру үшін ауданның мәдени туризм мекемесі ұйымдастыратын ауқымды іс-шараларға қатысып жүр.

photo

Қытайлық басылымның дерегінше, спорттың бұл түрі 2009 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілген.

Қайнар Қайсанайұлы халықаралық дәрежедегі төреші атанды- «Kaznews»

2023 жылғы ақпан айында Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында бокстан жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған семинар өтіп, онда моңғолиялық мамандар да білімін толықтырған, деп хабарлайды моңғолиялық»Kaznews» ақпараттық порталы.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Халықаралық бокс федерациясы (IBA) ұйымдастырған семинар қорытындысы бойынша 16 моңғолиялық маман халықаралық дәрежедегі «1 жұлдызды төреші» атағына ие болды. Олардың арасында Баян-Өлгий аймағының Спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы, бокстан спорт шебері Қайнар Қайсанайұлы бар.

Айта кету керек, Қайнар Қайсанайұлы басқарма басшысы қызметінен бұрын бокста бапкерлікпен айналысып, өз аймағынан көптеген шәкірттер дайындап шығарған.

Сонымен қатар, осы аптада «Kaznews» ақпараттық порталында «Серікбол Съезханұлы каратэден ел чемпионы атанды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, 8 сәуір күні Ұланбатыр қаласында каратэден ел чемпионаты өткен. Байрақты бәсекеде Баян-Өлгий аймағының абыройын қорғап, Серікбол Съезханұлы -65 келі салмақта чемпион атанды.

Ел чемпионатында барлығы 42 медаль сарапқа салынып, 14 клубтан 120 спортшы кумитэ және катана бойынша бақ сынасты.

«Баян-Өлгий аймағы «Тарлан» клубының бапкері, ІІ дәрежелі қара белбеу иегері, халықаралық спорт шебері Серікбол Съезханұлы бұл жолы каратэден барлық қарсыластарын ұтып, -65 келі салмақта ел чемпионы атанды», - деп жазады»Kaznews».

Ақын Несіпбек Айтұлы «Науаи қаласының құрметті азаматы» атанды - «ӨзА»

Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» және «Ләйлі-Мәжнүн» дастандарын қазақ тіліне аударған ақын, аудармашы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы осы жылдың 29-30 наурыз күндері Науаи қаласында өткен халықаралық «Мумтоз шеърият» әдебиет фестиваліне қатысты, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымның дерегінше, осынау халықаралық шарада Несіпбек Айтұлына «Науаи қаласының құрметті азаматы» атағы беріліп, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Сондай-ақ, қазақстандық ақынға тиісті куәлікпен бірге, бағалы сыйлықтар да табыс етілді. Ақын фестиваль қатысушыларына «Әлішер Науаи және қазақ әдебиеті» тақырыбында баяндамасын дайындап барған.

«Алайда, фестиваль аясында көптеген шара жоспарланып, қатысушылардың уақыты тығыз болғаны үшін Науаиға арнап жазған керемет өлеңін оқумен шектелуіне тура келген. Дегенмен, халықаралық фестивальге қонақкәде жасаған Несіпбек Айтұлымен Науаи қаласынан елордамыз Ташкент қаласына қайтар шақта осы шарада айтпақ болған пікірлері жайлы сұхбат құрудың сәті түсті», - деп жазады өзбекстандық басылым. Осы аптада сұхбатты «ӨзА» ақпараттық агенттігі оқырмандарына ұсынды.

Қазақстан Иранмен астық экспорттау терминалын салу бойынша кеңесуді жалғастырды -«Parstoday»

Қазақстан Парсы шығанағы жағалауында астық экспорттау терминалын салу үшін Иранмен кеңесуді жалғастырды, деп хабарлайды ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігі.

«Parstoday»-дің дерегінше, Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жұма күні қазақстандық компаниялардың Ирандағы Парсы шығанағы жағалауында экспорттық полюс салу жөніндегі келіссөздерінің жалғасып жатқанын хабарлады. Ол Астананың Бандар-Аббаста терминал салуды көздеп отырғанына тоқталып, бұл терминалдың іске қосылу мерзімін 2025 жылы жариялап, терминалдың құрылысы қазақстандық Semurg Invest компанияға тапсырылғанын айтқан.

«Қарабаев бұл бағдарламаны жүзеге асыру мақсатын Қазақстаннан тауар шығарудың бір жолы ретінде жариялап, компанияның Каспий теңізінің шығыс жағалауында «Саржа» көпфункционалды терминалын орнатуға да атсалысатынын айтты. Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, жеке сектор Иран терминалынан елдің өнімдерін әлемнің түкпір-түкпіріне жөнелту мақсатында осы елде экспорттық хаб құруға тырысып жатыр», - деп жазады ирандық басылым.

Түркияға гуманитарлық көмекті «Қазақстан темір жолы» жеткізеді -

TRT

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қытайдан Түркияға жөнелтілген гуманитарлық жүкті пойызбен жеткізеді. Қазақстан арқылы жедел жеткізілім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.

Пойыз Қазақстан аумағынан рекордтық 90 сағатта өтіп, жүк Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Түркияға жеткізіледі.

Түркиялық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жер сілкінісінен зардап шеккендер уақытша паналауы үшін алдымен шатырлар жөнелтіліп, Түркияға 200 контейнер гуманитарлық жүк жеткізілетінін хабарлады.

Айта кетейік, компанияның жүк пойызы қызметі арқылы Қытайдан Грузия порттарына жеткізу мерзімі 18 күнге және түрік порттарына 25 күнге дейін қысқарды. Қазақстан аумағы арқылы жүк Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау портына, одан әрі Әзербайжан мен Грузия арқылы Түркияға жөнелтіледі.

Фото: kaz.people.cn