Атырауда зейнеткер жасөспірімді қағып өлтірді (+ВИДЕО)
Бұл туралы Жылыой аудандық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысының Жылыой аудандық сотында көлiк құралдарын басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзуы абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекетті жасағаны үшін (ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігі) айыпталған Қ.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
2022 жылғы 20 қазан, сағат 07.40 шамасында жүргізуші К. кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қаққан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған Н. оқиға орнында қайтыс болған. Сотталушының кінәсі сот сараптама қорытындысымен, жол-көлік оқиғасы орнының бейнежазбасымен толықтай өз дәлелін тапты.
Прокурор сотталушыға 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші өкілі заң талаптарына сай жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындады.
ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігінің санкциясында белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот жаза тағайындау барысында К.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның бұрын сотты болмағанын, шын жүректен өкінуін, егде жасын (73 жас), денсаулық жағдайын және келтірілген материалдық залалдың өтелгенін ескерді.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған жағдайда жазаның негізгі түрінің мерзімі онша ауыр емес қылмыс жасаған кезде тиісті бапта көзделген ең жоғарғы мерзімнің 1/2 бөлігінен, яғни осы іс бойынша 2 жыл 6 айдан жылдан аспауға тиіс.
Сот үкімімен К. ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-тің 63-бабының негізінде 2 жыл 6 ай мерзімге шартты жаза тағайындалды. К.-дан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн. теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ