Атырауда велосипед ұрлағандар "сергекке" түсіп қалды (+ВИДЕО)

Атырау қаласы аумағында велосипед ұрлығының алдын алу, болдырмау мақсатында 28-30 сәуір аралығында “Велосипед” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Шара барысында 30 сәуір күні 102 арнасына қала тұрғыны хабарласып, көпқабатты үйінің дәлізінде тұрған "Stels" велосипедін белгісіз адамдар ұрлап кеткені жөнінде арызданды. Орын алған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде күдік тудырған 2007 және 2003 жылы туған тұлғаларды анықтап, ұстады. Олардың қылмысын Жедел басқару орталығының қызметкері “Сергек” бейнебақылау камерасы әшкерелеген.

Күдіктілер қалалық полиция басқармасына жеткізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Осы орайда, полицейлер тұрғындарға велосипедті үй дәліздеріне, сауда үйлері мен басқа да мекемелердің бейнекамерамен қамтылған аумақтарына, ал, аула сыртына қалдырған жағдайда құлыптау құрылғысын бекітуді ескертеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ