Бағдаршамға соғылған қалдық су таситын көліктің видеосы желіде тарады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бейнежазбаға қарағанда, оқиға "Көктем" базары маңында орын алған.
"Атырауда екі автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. 30 маусым күні сағат 20:30 шамасында Құрманғазы-Жастар көше қиылысында Toyota Prado және Газ ассенизатор автокөліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алып, көліктердің бірі бағдаршамға соққан. Зардап шекендер жоқ. Оқиғаның басты себебі жүргізушілердің көше қиылысынан өту ережелерін сақтамауы деп болжануда. Аталған факті бойынша, автокөлік жүргізушілеріне қатысты тиісті іс-құжаттар жинақталуда" делінген облыстық ПД хабарламасында.
Айта кетейік, соңғы кезде жол апатының жиілегінін облыстық ПД басшысы Нұрхат Оразабев та айтқан болатын.
"Облыс аумағында жыл басынан бері тас жолдарда 130-дан астам жол-көлік оқиғалары орын алып, салдарынан 38 адам көз жұмып, 170-тен аса адам әртүрлі дене жарақатын алды. Осы жол-көлік оқиғаларының барлығыда көлік жүргізушілерінің жолаушылардың өміріне деген салғырт қарауынан туындап отыр. Құрметті жүргізушілер, егерде сіздер адам өліміне әкеліп соқтыратын жол-көлік оқиғасына жол берсеңіздер, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы негізінде қылмыстық жауапкершілік көзделетінін естертемін. Аталған заң негізінде 5 жылдан 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Құрметті жолаушылар егерде сіздер жүргізушінің жылдамдықты асырғанын, ұялы телефон пайдаланғанын немесе көлікті шаршаңқы басқаруын байқасаңыз дереу ескерту жасаңыз немесе 102 операторына хабарласып, өзіңіздің және басқада адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтай аласыз" деп ескертті Нұрхат Кенжебайұлы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ