Атырауда полициядан қашқан жүргізуші апаттық жағдай туғызды (+ВИДЕО)

Тасжолда полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері республикалық маңызы бар тасжолдарда орын алатын заңбұзушылықтардың алдын-алу бағытында күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Мәселен, 10 мамыр күні сағат 16:00 шамасында Ақтөбе-Астрахан тасжолының 574-шақырымы тұсында жылдамдықты шамадан тыс асырған Chevrolet автокөлігі анықталған. Алайда, оны тоқтату кезінде талапқа бағынбай, тоқтамаған. Бұған қоса, тасжолда қарсы бағытқа шығып, апаттық жағдай туғызған. Тіпті, үздіксіз қос ақжолақты кесіп, жолдың қарсы бағытына өткен. Көлікті қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Мұса Баймұханов көшесінің бойынан тоқтатты.

1998 жылы туған азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабының 1-бөлігі (белгіленген жүру жылдамдығын арттыру), 595-бабының 1-бөлігі (маневр жасау қағидаларын бұзу), 606-бабының 1-бөлігі (жол жүрісіне қатысушының жол жүрісі қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соғуы) , 596-бабының 3-бөлігі (жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына , оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу) және 612-бабының 2-бөлігі (көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіп-үйренуден басқа) басқаруы, сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Іс-құжаттар қалалық мамандандарылған әкімшілік сотына жолданды. Қазір 25 жастағы азамат әкімшілік сотқа дейін қамауға алынып, ал, көлігі арнаулы тұраққа қойылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ