Атырауда «ГАЗЕТ– ӨМІР АЙНАСЫ» атты көрме ашылды (+ВИДЕО)
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «ATYRAÝ» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай «Газет– өмір айнасы» атты көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгін аталған көрменің ашылу салтанаты өтті. Оған жергілікті ардагер қаламгерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері, музей қызметкерлері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика кафедрасының ұстаздары мен студенттері қатысты.
Шара барысын облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев өзі ашып, жүргізіп отырды.
«Мақсат – ғасырлық тарихы бар аймақтың бас басылымының өткенін, бүгіні мен болашағын саралау, редакцияда әр жылдары абыройлы еңбек еткен журналистердің есімдерін ұлығылау, баспасөз тарихына қатысты музей қорында сақталған материалдарды көпшілікке кең көлемде насихаттау» деді ол.
Жиналғандар алдымен дөңгелек үстел басында «ATYRAÝ» газетінің өткен тарихынан сыр шертіп, қалыптасу кезеңдерінен естеліктер айтты. Жиында «Атырау-Ақпарат» ЖШС Бас директорының орынбасары, «Атырау» газетінің бұрынғы бас редакторы Исатай Балмағамбетов, газеттің байырғы қызметкерлері, Қазақстанның Құрметті журналистері Төлеген Жаңабай мен Өтепберген Әлімгереев, белгілі журналист-ұстаз Қылышбай Сүндетұлы, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің бұрынғы директоры Төлеген Берішбаев және «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев сөз алып, газеттің жүріп өткен жолы мен онда қызмет атқарған қаламгерлердің асыл қасиеттерін әңгімеледі.
Осыдан соң музейдің экскурсия жүргізушісі Нұргүл Шалимова газет мерейтойына орай жасақталған көрмені көпшілікке таныстырды.
Музей қорынан жасақталған көрмеге 1923 жылдың 1 сәуірінде шыққан «Ерік» газетінің көшірмесі, 1924 жылы жарық көрген «Социалистік құрылыс», «Коммунистік еңбек», "Атырау" газеттерінің түпнұсқалары, алғашқы редакторлардың газет бетіндегі өмір деректері, газетпен тығыз байланыста болған белгілі тұлғалар – Әбу Сәрсенбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшиннің фотосуреттері мен заттай бұйымдары бар, барлығы 111 жәдігер қойылды.
Мұнда өткен ғасырда алғашқы еңбек жолын бастаған атақты тұлғалар – Тауман Амандосов, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақовтың құжаттары да бар. Көрмеден жазушы, драматург Берік Қорқытов, қаламгерлер Шөпенғали Дәуенов, Абуғали Ғабдуллин, Нұралы Әжіғалиев, Төлеген Жаңабай, Өтепберген Әлімгереев және басқа да қаламгерлердің туындыларын да табуға болады.
Айта кетейік, көрмені келушілер 5-28 сәуір аралығында тамашалай алады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ