Атыраулық телеоператор жүгіруден жеңімпаз атанды (видео)

Атырауда БАҚ қызметкерлері күніне арналған жүгіруден жарыс өтті деп хабарлайды ATPress.kz.

Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Хабар іздеуге...» атты 5 шақырымға жүгіру жарысында Хабар агенттігінің Атыраудағы операторы Темірлан Сұлтанғазиев жеңімпаз атанды. Жүгіру Темірлан үшін таңсық дүние емес екен. Ол күнара бес шақырымға жүгіруді әдетке айналдырған.

- Жаяу жүріс адамға өте пайдалы. Сол себепті де оны отбасымызбен әдетке айналдырдық. Мысалы, күнде кешкісін 8 шақырым жүру біздің отбасылық дағдымыз. Жалпы бұл спортқа қызығушылығымды оятқан жолдасым. Ол спорттың бұл түрімен 10 жылдан бері айналысады, - дейді Темірлан.

27 адамның ішінен мәре сызығын бірінші болып кескен әріптесіміз журналистердің салауатты өмір салтына бейім болуы керектігін айтады.

- Көбіне-көп елдің арасында, халықпен бірге жүргендіктен, әркез сергек болуымыз қажет. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс деп есептеймін. Осы сәтті пайдаланып, әріптестерімді БАҚ қызметкерлері күні мерекесімен құттықтағым келеді. Атырауда мерекелік шаралар жоғары деңгейде өтуде. Басымызды қосып, мәре-сәре қылған ұйымдастырушылар - Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалына алғыс айтамыз, - деді желаяқ.