"Атырау-Ақпарат" медиахолдингі қызметкерлері арасында ұжымдық алғашқы спартакиада өтті" деп хабарлайды, ATPress.kz.
Спорттың бес түрінен өткен дода Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдығы мен БАҚ қызметкерлері күніне арналды. - Дүниені дүрбелеңге салған індеттен көңілі жүдеген жұртымызды кешегі қаңтар оқиғасы да қапаландырып кеткені белгілі. Одан бері елімізде бірқатар саяси өзгерістер қолға алынып, жаңа бағытқа көш түзей бастадық. Дәл осы тұста рухымызды көтеріп, жігерімізді жани түсетін игі шаралар керек-ақ. Сол себепті ұжымның мекемеішілік спартакиада өткізсек деген ұсынысын қолдап, БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында барлық бөлімдер мен редакция ұжымына мерекелік күн сыйлауды ұйғардық. Ендеше шын мықты жеңіске жетсін, - деді медиахолдингтің бас директоры Жасын Біркенов жарыстың ашылу салтанатында. Шарада директордың орынбасары Исатай Балмағамбетов пен ардагер журналист Төлеген Берішбай да әріптестерін мерекемен құттықтап, тілектерін арнады. Спартакиадада "Әкімшілік", Атырау газеті", "Прикаспийская коммуна газеті", "Жаңа медиа", "Баспахана" және "Аудандық газеттер" құрамасы футзал, волейбол, үстел теннисі, шахмат және дойбыдан сынға түсті. Нәтижесінде командалық есепте "Аудандық газеттер" құрамасы үшінші орын мен 80 мың теңгелік, "Прикаспийская коммуна газеті" командасы екінші орын мен 100 мың теңгелік серификаттарға ие болды. Ал, жарыс жеңімпазы "Баспахана" құрамасы 150 мың теңге мен кубокты қанжығалады. Қалған үш командаға алғыс хаттар мен 50 мың теңгелік ынталандыру сертификаттары табысталды.
Айта кетейік, спартакиада "Жайық" спорт кешенінде өтті.