Референдумға дайындық барысы талқыланды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата бюросының отырысында депутаттармен бірге АЭС салуға қатысты референдум аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру барысын талқылады. Сондай-ақ жиында 19 қыркүйекте болатын Сенат отырысының күн тәртібі, Палатаның VIIІ шақырылымдағы Парламенттің ІІІ сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен 6 қазанда елімізде АЭС салуға қатысты республикалық референдум өтетініне назар аударды. Соның аясында құрылған Халық штабының қызметіне сенаторлар да белсенді қатысып, өңірлерге барады. Олар халықпен кездесіп, референдумның мәнін және атом электр стансасын салудың маңызын түсіндіру жұмыстарына атсалысады.

«Сенаторлар осы аптада АЭС салуға қатысты республикалық референдум өткізу аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге барады. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша Халық штабы құрылып, жұмысын бастап кетті. Оның құрамында Сенат депутаттары да бар. Осыған байланысты біз өңірлерге барып, азаматтармен кездесіп, халыққа АЭС салу мәселесі жөнінде жан-жақты ақпарат беру жұмыстарына қатысамыз», деді Палата төрағасы.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес Сенаттың алдағы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Респуб¬лика¬сының Әкімшілік құқық бұзушы¬лық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйым¬дастыру және жол қауіпсіздігін цифр¬ландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды бірінші оқылымда қарайды.

Заңдардың мақсаты – жол қозға¬лы¬сын ұйымдастыру, көлік құрал¬дары¬ның жекелеген түрлерінің қоз¬ғалысын бақылауды жүзеге асыру, белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып кеткені үшін әкімшілік құқық бұзу¬шылықтардың жаңа құрам¬дарын белгілеу, сондай-ақ бірқа¬тар нақты¬лаушы түзету енгізу мәселесі бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру.

Болжамды нормалар цифрлық технологияларды, техникалық құралдар¬ды пайдалану бөлігінде әкімшілік іс жүргізу үдерісін оңтайландыруға бағытталған. Мопед жүргізушілеріне қойылатын талаптарды енгізу және оларды механикалық техникалық құралдардың жүргізушілерімен тең дәрежеде әкімшілік жауапкершілікке тарту бөлігінде «Жол қозғалысы туралы» заңның нормаларына сәйкес келтіру мәселелері де назарға алынды.

Сонымен қатар бюро отырысында Мәжі¬лістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты комитеттерге бөлініп берілді.