Кудряшовта 97 жастағы тұрғын дауыс берді

Кудряшов ауылдық округінде АЭС салу бойынша республикалық референдум ерекше белсенділікпен өтуде. Жергілікті тұрғындар дауыс беру учаскелеріне көптеп жиналып жатыр.

Ел үшін өте маңызды науқаннан аталған округтің 97 жастағы тұрғыны Акқағаз Шайхиева да тыс қалмай, өз дауысын беруде. Ол №191 дауыс беру учаскесіне тіркелген. Бұл учаскеде барлығы 709 дауыс беруші бар екен.

– Қандай маңызды шешім болса да, дүйім жұрт болып шешкенге не жетсін? «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деп халық бекер айтпаған ғой. Еліме тек тыныштық қана тілеймін. Осынау аумалы-төкпелі алмағайып заманда бірлік пен берекеден басқа ештеңе керек емес. Бірлік бар жерде тірлік бар. Қазақ халқы тек осы ынтымақтың арқасында ырысын тауып келеді. Ендеше, бұл жолы да игі дәстүрден айнымай, жұдырықтай жұмылып еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс берейік! – дейді қария.

Әділет АМАНГЕЛДІ