Құрманғазы ауданында апта басында алдын ала бектіліген жоспарға сәйкес аудан аумағындағы ауыл әкімдерінің биылғы жылы атқарған жұмысы жөнінде тұрғындар алдында есеп беру кездесулері басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жиынға қағидаға сәйкес аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Қалиева төрағалық етті. Алдымен округ әкімі Бауыржан Қадыровтың баяндамасы тыңдалды. Ауыл әкімінің мәлімдеуінше, Қарақұл елді мекеніне 12 дана түнгі көше жарықтары жүргізілген. Сондай-ақ, «Ганюшкин-Құрылыс» ЖШС мекемесі ауылдың және елді мекендердің автокөлік жүретін жолдарын күреп, тазалау жұмыстарын атқарған. Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету үшін биыл Афанасьев бекетінде фельдшерлік амбулаториялық пункттің құрылысы басталып, жұмыстары аяқтала келді.
Округ әкімінің баяндамасынан соң , аудан басшысы Абат Жанғалиев аудан көлемінде атқарылып жатқан игі істерді атап өтті. Аудан әкімі әсіресе өңір халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жасалып келген жұмыстарға тоқталып кетті.
Келесі кезекте жиын төрағасы Гүлжаннат Қалиева ауыл тұрғындарының сауалдарына берді. Ө.Есенғазиев ауылға қатысты бірнеше мәселені көтерді, атап айтқанда, ауылішілік жол құрылысы, арналарды түп тереңдету мәселесі.
Сонымен қатар, қоғам белсендісі М.Құмаров мектептегі оқушылардың тасымалы, яғни, автобустың істен шығуына орай, білім ордасын жаңа көлікпен қамту, мүгедек жандарға берілетін біржолғы көмектің тиісті берілмеуі, ауылішілік жол құрылысының жобасына Афанасьев бекетіне кіре беріс жолды енгізу, Мақаш ауылдық округіне заманауи типте медициналық пункт салу сынды сауалдарды жолдады.
Көтерілген сауалдардың басым бөлігіне аудан әкімі А.Жанғалиев жауап берді:
- Сурхан өзені-Көкарна өзендерін түп тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін ІІІ кезеңге енгізуге ұсыныс берілді. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасы болып табылады. Ал, балалар тасымалына қатысты, автобустар берілген жылдарына қарай кезеңпен жаңартылады. Аудан бойынша 13 автобус ауыстыруды қажет етеді. Сұраныс облысқа берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті біржолғы жәрдемақы бойынша бөлімге ескерту беріліп, қараша айында олқылықты жоюды ескертті. Құрманғазы ауданы Алға ауылының ауылішілік жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту нысаны бойынша мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды, бюджеттік өтінім жолданып, қаржы бөлінген жағдайда жұмыстары басталатын болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ