Қазір тек Қазақстанды емес, бүкіл жаһанды жалған ақпараттар жайлады десек, артық айтқандығымыз емес. Ресми мәліметтен гөрі алыпқашпа әңгімелерге көбірек сенетін қоғамның тірлігі де таңқалдырады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Расымен де, қазір ғаламтор желісінде желдей ескен жалған ақпараттар жетерлік. Оның ақ-қарасын ажыратып жатқан ешкім жоқ. Себебі, қазір кім көрінген журналист, одан қалса блогер болып жүр. Жә, журналистер заң алдында жауапкершілік арқалайды делік. Ал блогерлер ше? Олардың жариялап жатқан жаңалығы қаншалықты шынайы? Оның үстіне, олардың оқырмандар саны анағұрлым көбірек. Демек, бүгінгі қоғамды, әсіресе, жас ұрпақты осы «жарымжан журналистер» яғни, блогерлер тәрбиелеп жатыр ма?
Біз осы мәселе төңірегінде дәстүрлі журналист мамандар мен медиа-блогерлер не ойлайтынын білмек болған едік.
Республикалық «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Баян Жанұзақованың пікірінше, журналист пен блогер – екеуі екі бөлек мамандық иелері деп түсінген жөн. Себебі, әрқайсысының өз оқырманы мен форматы болады.
– Журналист бұл – бұқара мен биліктің арасын жалғап жүрген қастерлі мамандық иесі. Кейінгі кезде блогерлердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуіне байланысты журналистердің қоғамдағы беделі төмендей бастаған секілді. Өйткені, халық екеуін бір маман иесі деп қабылдап жүр. Ал шын мәнінде журналистің «жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп бекер айтпаған ғой. Оны блогермен шатастырмаған жөн, - дейді ол.
БӘРІНЕ ТОПЫРАҚ ШАШУҒА БОЛМАЙДЫ...
Екінші мәселе, блогер деп тек әлеуметтік желіде ақпарат жариялайды. Ал соның сілтемесін алып «фейсбук» секілді әлеуметтік желіге және «ватсапп» пен «телеграмм» секілді мессенджерлерге тарататын бұл – smm-мамандар. Осы ретте, сайт журналистері блогер емес екенін еске салғымыз келеді. Олар да толыққанды газет-журнал мен телеарна журналистері секілді заң алдында жауап беретін мамандар. Яғни, блогер тек «инстаграм», «телеграмма» және «фейсбук» секілді әлеуметтік парақшаларда блог жазып жариялайды. Сәйкесінше, олар жүргізетін парақшалардың ресми тіркелуі екіталай. Біреулер заң талаптарына сай жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке салығын төлейді. Бірақ көбісі тіркелмей жұмыс жасағанды жөн көреді. Себебі, оларға заң жүзінде әзірге ондай талап қойылмаған.
Осы орайда, жергілікті блогер Асылай Ғайнешованың да бұл тақырыпқа қатысты ойын сұрадық.
– Желіде жалған ақпарат көп, оны мойындаймын. Оны жазып жатқан блогерлер де журналистер секілді халықтың илеуінен өткен жандар деп ойлаймын. Блогер болу да оңай шаруа емес. Сондықтан олардың бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Арасында білімділері мен сауаттылары баршылық. Біреуінің қателігіне бола басқаларын қаралай алмаймын. Бірақ бұл жерде олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру керек деп ойлаймын. Өйткені, олардың артында қалың орман халық тұр. Қарапайым оқырман қай мәліметтің рас, қайсысы өтірік екенін қайдан біледі? Ендеше, халық қалаулылары осы мәселені Үкімет алдында көтеруі керек деп ойлаймын. Айтпақшы, кейбір блогерлер әдейі жалған ақпарат таратады. Яғни, қасақагна қателік жібереді. Бұл – халықтың назарын өзіне аударудың бір тәсілі. Осылайша, парақша қолданушыларының санын көбейтіп алғысы келеді, - дейді ол.
САЛЫҚ ТӨЛЕЙТІН БЛОГЕР
Ал тағы бір атыраулық блогер Айгерім Қадырова жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін және табысының 3 пайызын салық ретінде мемлекетке аударып отырғанын да айтады.
«Мен он жылдан астам уақыт бойы мектепте ұстаздықпен айналысып келемін. Қазір педагог-сарапшы болып еңбек етіп жүрмін. Сондай-ақ, қосымша блогер болып та қызмет көрсетемін. Менің жұбайым «Бағдат мырза» атымен атыраулықтарға асаба ретінде жақсы таныс. Алғашында ол мені бейнежазбаға түсіріп, «мынау менің әйелім» деп желіге жариялап жүрді. Сөйтіп, «Бағдат мырзаның жұбайы қандай тамақ дайындайды, бүгін қайда барады?» деп оқырмандар тарапынан қызығушылық туа бастады. Осылай жүргенде қалай мыңдаған адамның парақшама тіркеліп алғанын да байқамай қалдым. Есесіне, олардың бәрі де қазір – менің шынайы оқырмандарым. Олар «бот», яғни, жасанды бағдарлама емес. Сондықтан мен әр жазбамның шынайылығына және ондағы мәліметтердің дұрыстығына қатты мән беремін» дейді Айгерім.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
Желіде жалған ақпарат жариялайтындарға жаза бар ма? Біз бұл сауалды «MAXIMUM» адвокаттық кеңсесінің аға серіктесі, атыраулық заңгер Айдос Ибраимовқа қойған едік.
«Егер нақты кім адам екені анықталса, заң алдында жауап береді. Көп жағдайда адамдар «ник», яғни, жасырын және басқа адам атымен немесе өзге біреудің суретімен желіге тіркеліп, ойына келгенін жазып жатады. Мұндай деректер аз емес.
Жалпы, жауаптылықтың үш түрі болады, бұл – азаматтық, әкімшілік және қылмыстық. Әдепсіз сөздер ауыр немесе аса ауыр қылмыс санатына жатпайды. Сондықтан жасырын және өзге адам атымен немесе суретімен желіге тіркеліп, жағымсыз пікір қалдырғандарды полиция қызметкерлері іздемейді. Себебі, табыла қоюы екіталай. Алайда, әлеуметтік желінің тәртібін бұзған жасырын қолданушыларды бұғаттап қоюға толық мүмкіншілік бар. Ал жалған ақпарат жариялайтындарды жөнге келтіретін заң тармақтары жетерлік» дейді ол.
ЖАЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАП БЕРЕДІ...
Мүмкіндікті пайдаланып, Айдос Сайынұлынан тағы бірнеше сұрағымызға жауап алдық.
– Егер жалған ақпарат иесінің кім екені белгілі болса, заң жүзінде нақты қандай шаралар алынады?
– Заңды бұзған адам ар-ождан мен абыройға келген залалды жойып, орнын толтыруы керек. Сондай-ақ, рухани залал құнын өндіруі тиіс, бұл – азаматтық жауаптылық. Ал, әкімшілік жауаптылыққа кіретін ұсақ бұзықылық – он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеліп соғуы мүмкін.
– «Фейсбукте» отырып ойына келгенін жазатындарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған ба?
– Адамның қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату қылмыс болып саналады. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникациялар желілерін теріс мақсатта пайдалану да – қылмыс. Сыбайлас жемқорлыққа жол берді, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп жала жапқандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
– Жалған айып тағушылар айыптала ма?
– Ондай қылмысқа жауапты тұлға 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлейді. Болмаса, сол мөлшерде түзеу шараларына немесе 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады.
...Міне, бұл – біз тілдескен маман пікірі. Ал, өзекті мәселеге орай халық қалаулылары білдіріп жүрген ұсыныстар бүгінде бір төбе болуға таяды. Мәселен, жасырын желі қолданушыларын анықтау үшін кейбір заң талаптарын күшейту керек. Бұл туралы Үкімет қабырғасында да аз айтылмады. Бірақ, әзірге ешқандай нәтиже байқалмайды.
Қалай болғанда да, газет пен телеарнадағы ақпараттың шынайылығына ештеңе жетепйтін секілді. ақпара. Ал, әлеуметтік желі – уақытша құбылысқа көбірек ұқсайды. Бұл пікірге атыраулық блогерлердің бірі Әділет Амангелді де қосылады.
«Мен жас та болсам, инстаграм желісіндегі «AtyrauQalam» деп аталатын парақшасын жүргіземін. Ондағы жазылушылар саны 10 мыңнан асады. Мен онда дәлелді дәйек пен сенімді ақпаратты жедел жариялап отырамын. Бұл ретте, «Atyray» газетінің тілшілері дайындаған жаңалықтарды да жиі жүктеймін. Міне, осының өзінен газеттің қоғам үшін қаншалықты қажет әрі зор сұранысқа ие екенін айқын аңғаруға болады. Бір қызығы, жаңалықты әдетте телефоннан оқитынмын. Өзіме маңызды дегендерін «заметка» деген қосымшаға сақтап жүрдім. Бір кезде сол жаңалықтардың бірі шындыққа жанаспай қалғаны бар. Содан кейін тек қана газет оқып, телеарна көретін болдым» дейді ол бізбен әңгімесінде.
Халық арасында «аңдымай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз бар. Яғни, ауыздан шыққанға дейін сөз адамға тәуелді болады. Ал, айтылғаннан кейін орындары ауысады. Сайып келгенде, көп жағдай азаматтардың тікелей сана-сезіміне, ой-өрісі мен ар-ұятына байланысты екенін аңғаруға болады. Өйткені, заң шеңберінен тыс атадан балаға аманатталып келе жатқан адамгершілік қағидаттары бар емес пе? Бастауын әріден алатын әдеп сақтау ережелері тағы бар. Ал, сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ