Атырау облысында педагогтардың тапшылығы салдарынан 253 зейнеткер мұғалім мектептерде келісім-шарт негізінде жұмыс істеп жатыр.
Өздеріңізге мәлім, Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында мұғалімдер тапшылығы байқалады. Мұнайлы өлкенің Атырау және Құлсары қалаларында халық саны көп болғандықтан және демографиялық жағдайдың жақсаурына байланысты педагог тапшылығы күннен күнге өзекті болып отыр.
Атырау облыстық білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова осы мәселені шешу мақсатында келесі жаңа оқу жылына 651 маманға сұраныс берілгенін айтты.
- Атап айтқанда, орыс сыныптарына - физика, математика, химия, бастауыш сынып мұғалімдері қажет болса, ал қазақ сыныптарына орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің және бастауыш сынып мұғалімдері сұранысқа ие. Мұғалімдер тапшылығын уақытша шешу үшін зейнет жасындағы педагогтар оқу процесінен алыстамауға мәжбүр, - дейді А.Дүйсекенова.
Атырау мен Құлсары қалаларына басқа өңірлерден жұмыс істеуге келетін мұғалімдерге арнайы қаржылай көмек көрсетіледі. Олардан бөлек, Атырау облысының басқа да аудандарында тұратын педагогтар аталған екі қаланың бірінде жұмыс істегісі келсе, олар да конкурстық талаптарға сай жұмысқа орналаса алады және оларға да қаржылай қолдау көрсетілмек.