Жыл басынан бері облыста есірткіге қатысты құқықбұзушылықтың 162 дерегі анықталып, тыйым салынған затты тасмалдаған 60 азамат ұсталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Оның 9-ы әйел, 3-еуі кәмелетке толмаған жасөспірім. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Жанғалиева баспасөз мәслихатында мәлім етті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.
- Жыл басынан бері «Кибер-қадағалау» бағдарламасы арқылы заңсыз контенті бар есірткі жарнамалайтын 230 сайт анықталып, ІІМ-не бұғаттауға жолданды. Сонымен қатар есірткі сайттарын жарнамалайтын 100-ден астам граффити жазбасы анықталып, жойылды. Қала аумағындағы QR- кодтар да тексерілуде. Бұл бағытта тиімді күрес жүргізу үшін барлық құзырлы органмен бірлескен жұмысты жандандыруымыз қажет деп есептеймін. Әсіресе профилактикаға назар аудару керек. Осыған байланысты облыс аумағында құзырлы органдармен бірлесіп тұрақты негізде есірткі құралдарының транзитін болдырмауға және анықтауға бағытталған бірқатар іс-шара жүргізіледі, - деді М.Жанғалиева.
Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Елдос Кдрсихов, облыс бойынша осы жылдың 10 ай қортындысымен психобелсенді заттарды қолдану әсерінен динамикалық бақылауда 2498 адам, оның ішінде алкогольмен – 1977, нашақорлықпен – 521 адам бар екенін атап өтті.
- Өңірде шамамен 520-дан астам азамат нашақор ретінде тіркелген. Оның 27-сі әйел. Есірткі тұтынушылардың басым бөлігі - жастар. Қазіргі уақытта облыс бойынша амбулаторлық деңгейде медициналық-әлеуметтік көмек 7 аудан орталығының психикалық денсаулық кабинеттері мен қалалық емханалар жанындағы бастапқы психикалық денсаулық орталықтары арқылы беріледі. Облыстық психикалық денсаулық орталығы наркологиялық науқастарға арналған 61 төсек-орынмен жабдықталған. Орталықта психобелсенді заттарды тұтынудың салдарынан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар адамдарға үнемі әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетіледі, - деді Е.Кдрсихов.
Сондай-ақ М.Жанғалиеваның мәліметінше, жыл басынан бері халықты нашақорлықтың таралу қаупі туралы хабардар ету, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдарын түсіндіру мақсатында 800-ге жуық іс-шара өткен.
Сәуле МАҒАУ