Атырауда сот төрелігі қай тілде жүзеге асырылады?

Атырау облыстық сотымен «Сот жүйесінде сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі

Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, кездесудің мақсаты – сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыру жолдарын талқылау және өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар енгізу.

Дөңгелек үстел жұмысына Атырау облыстық сотының төрағасы, облыс соттарының судьялары, Атырау облысы әкімінің орынбасары, прокурорлар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары мен өкілдері, адвокаттар және заңгерлер палатасының өкілдері қатысты.

Атырау облыстық сотының төрағасы Мухтар Парменов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылу деңгейі туралы хабардар етті.

Мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі, оны жетілдіру жолдарына тоқталып, мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған шараларды айқындауды, жүйелі ой өрбітіп, сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі бойынша тың ұсыныстар беруді ұсынды.

Атырау облыстық сотының судьясы, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі үйлестіруші судья Сағат Хасан баяндамасында қазіргі кездегі республика соттарындағы мемлекеттік тілдің қолданылу жағдайы мен көрсеткішіне тоқталып, Атырау облысы соттарының қылмыстық, азаматтық, әкімшілік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау барысында кездесетін проблемалық мәселелер және қолданудағы кедергілерді шешу мәселелері, сонымен қатар, адвокаттардың ұлты қазақ азаматтарының құқығын қорғауда олардың алдын-ала тергеуде және сотта ана тілінде сөйлеу құқығын шектеуге жол бермей мәселесіне баса назар аударды.

Мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті екендігі заң нормаларымен бекітілгеніне қарамастан, жекелеген мемлекеттік органдардың сотқа талап арыздарды мемлекеттік тілде беру көрсеткіштері төмен екендігіне тоқталды.

Іс-шара барысында тіл мәселесіне қатысты бірқатар баяндамалар тыңдалды.

Адвокат Анар Демесинова «Мемлекеттік тіл – адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің кепілі» тақырыбында баяндама жасап, адвокаттармен қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мәселесіне тоқталып, сот ісінің қазақ тілінде жүргізілуі жөніндегі заңнама талаптарын дұрыс түсініп, практикада дұрыс қолдану мәселесіне назар аударды.

Атырау қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары Ержан Аккузов «Қылмыстық істер бойынша тергеуді мемлекеттік тілде жүргізу мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның түрлі салаларда қолданылу деңгейіне тоқталды.

Баяндамашы бүгінгі күні Атырау облысы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру істерінің басым бөлігі, яғни 86,9 пайызы қазақ тілінде жүргізілетін, алайда бұл көрсеткіштерге қарамастан сотқа дейінгі тергеп-тексеруді мемлекеттік тілде бастап, кейін орыс тіліне ауыстыру фактілері де кездесетінін, бұл тергеу мерзімінің созбалаңға салынуына себеп болатынын айтты.

Сонымен қатар, қазақ тілін жетік меңгермеген қорғаушылардың сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысуы мәселесіне де назар аударды.

Бұдан басқа, сотталушылар басты сот отырысында қазақ тілін білмейтінін мәлімдеу нәтижесінде қылмыстық істер сотпен қосымша тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін қайта жолдануына негіз болатынын, жеке аудармашылардың іске қатыстырылуы елеулі материалдық шығындарды туындататынын айтты.

Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің әр салада қолданылу деңгейі туралы өз пікірлерін білідіріп, мемлекеттік тілді қолданудың проблемалық мәселелерін және оны одан әрі дамыту қажеттігін, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асыру кезінде оны қолдану аясын кеңейтуге бағытталған шараларды іске асыру жөніндегі ұсыныстар айтты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com