Табиғат құбылды: Түркістан облысында алма және сирень ағаштары гүлдеді

Күнгей жақта табиғаттың таңғажайып құбылысы елді елең еткізді. Сары күзде көктемдегідей алма ағашы мен сирень гүлдеп тұр, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Түркістан облысы Састөбе ауылында алма ағашы гүлдеп, көктем келгендей әсер беріп тұр. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Нәзира Бейсенованың айтуынша, оның бағында мұндай құбылыс алғаш рет көрініс тапқан. 

«Осыған дейін бұл ағаш күз мезгілінде гүлдемеген. Бүгін баққа кірген бойда мына тамаша көрініске куә болып, таңғалдым. Биыл аз жеміс салды. Оның өзі жеуге жарамсыз болды», - дейді Н.Бейсенова.

Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында сирень гүлдеп, көпшілік қауым күз емес, көктем келгендей аң-таң. 

«Мұндай құбылыстың  орын алуын күннің күрт ысып кетуінен деген болжам айтайын десем, қазір  күн салқын. Жалпы, тамыздың соңынан бастап күн күрт суыды», - дейді Ақерке Тасболатова. 

Жеміс ағаштарының  бір жылда екі мәрте гүлдеуі сирек кездесетін жағдай. Оның ғылыми жауабын мамандар бере жатар. Бірақ түркістандықтар мұны жақсылыққа балап отыр. 

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА